Алматы

Алматы жастарына қандай қолдау көрсетіледі

Алматыда жатақхана салу үшін жобалық кеңсе құрылды, сол арқылы 5 мың орынға 27 жаңа нысан салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Мемлекет басшысы жастарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте жыл басынан бері 4,9 мың жас жұмыспен қамтылды, 3,8 мың жас өзекті мамандық бойынша қайта оқытылды, қалалық карьера орталығы ашылды. Өзекті кәсіптер бойынша 4 қысқамерзімді курс іске қосылды және QR арқылы кіруге болатын цифрлық жұмыспен қамту платформасы әзірленді», — деді қала әкімі орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, қаланың барлық аудандарында жастар комьюнити-орталықтарын ашу үшін 8 нысан белгіленді.

Тұжырымдамалар дайындалып, қаржыландыру мәселесі шешілді.

Жатақхана салу үшін жобалық кеңсе құрылды, оның базасында 5 мың орынға 27 жаңа нысан құру үшін 99 жеке инвестор тартылды.

«Нашақорлықтың алдын алу үшін мамандандырылған 8 «НаркоСтоп» орталығы жұмыс істейді. Оған 2 мыңнан астам волонтер тартылды. 200-ден астам іс-шара өткізіліп, Қазақстанның бүкіл қалаларынан келген жастарға 1,2 мыңнан астам кеңес берілді. 2023 жылдың соңына дейін NEET жастардың үлесі 5,5%-ке дейін қысқарып, жатақханаларда 3,5 мыңнан астам жаңа төсек-орын пайдалануға беріледі», — деді Ерболат Досаев.

Другие новости

Back to top button