Социум

Журналистер ақшаға сатыла ма?

Мені кейінгі кездері мына бір жайт қатты алаңдатып отыр. Мәселен, капитализмнің тепкісі қатты, ол ешкімді де аямайды. Бұл қоғамда бәрін де ақша шешеді. Мұны баяғыда Маркс ақсақал да айтып кеткен. Ақша деген пәле кім-кімді де өзінің құлақ кесті құлына айналдырып жібіреді. Екінің бірі оның құдыретіне қарсы тұра алмайды. Алайда қоғамды біржолата ақшаның шексіз билігінен аман алып қалуға тырысатын жандардың да бар екендігін көргенде шүкіршілік ететін.

Мен күні кешеге дейін олардың қатарына арын ақшаға сатпайтын журналистерді жатқызып келгенмін. Алайда бұл орайда да көңілге секем түсіп отыр.

Мен, мәселен, солардың ішінде «Время» газетінің тілшісі Михаил Козачков дегенді ерекше сыйлаушы едім. Мақалалары шын мәнінде өте тартымды әрі обьективті болатын. Өзгесін айтпағанда, оның еліміздің лауазымды қызметкерлерінің құмар ойынға қызығып, казиноға ондаған, тіпті жүздеген миллион теңге ұтқызғандығы туралы жазғандығы неге тұрады?

Міне, ол журналистке «біреулерге қатысты құпия мәліметтерді әдейі таратып, қылмыстық топқа көмектесіп, пайда табуға тырысты» деген кінә тағылып, істі болғанда, мұны жала деп санап, оған өзімше ара түскенім де бар.

Ал күні кеше сол «батырымыз» Үкіметтен сауға сұрап, бәрін де мойындап, өзінің жазғандарынан зардап шеккен отбасыларынан кешірім сұрап, прокуратурамен ымыраға келіп, үйқамаққа көшіпті. Енді бұған не дерсің? Мұндайда атамыз қазақ: «Сенген серкем сен болсаң, мүйізіңді ұрайын» дегенді бекер айтпаған болар.

Ал бұл Козачков дегенді жалғыз екен десеңіздер, тағы да қателесіздер. Қазір танымал блогерлер де осындай жолмен ақша табудан тартынбайтын көрінеді. Өткенде Махамбет Әбжан деген блогер белгілі бір бизнесменге: «Сен туралы теріс пікір тудыратын мақала жазбаймын», — деп, оның «қаламақысын» 50 миллион теңгеге бағалаған. Сол мол дүниені қармап жатқанда қолға түсті. Қазір темір тордың арғы жағында.

Міне, шын мәнінде ат төбеліндей ары таза журналистер қоғамды әртүрлі қоқыстан арылту үшін арпалысып жүргенде, сол әділдік үшін күрескен болып, арын да, барын да ақшаға сатқан «саудагер» журналистсымақтарды көргенде бұл екіжүзділіктің шегі жоқ па деп қаласың. Бұлар негізінен орыстілді журналистер мен блогерлердің арасында тым жиі кездеседі. Мұны қоғамдағы ана тілімізден гөрі мәртебесі биіктеу өзге тілдің әкелер бір пайдасы десек те артық болмас.

Жалпы, меніңше, журналистердің сатқындығының қоғамға тигізетін залалы ерекше. Мемлекетке қызмет ету бір басқа да, баспасөзді біреуді әдейі қаралайтын аса тиімді құрал етіп, оны баюдың көзіне айналдыру — мүлдем басқа дүние. Қай нәрсеге де байыптылықпен қаралық. Козачковтар арамызда әлі де жетіп артылады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

Другие новости

Back to top button