Қаңтардан кейін қамауға алынған ҰҚК департаментінің экс-басшысы аштық жариялады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов аштық жариялаған. 40 күннен бері нәр татпағаны жайында оның әйелі дабыл қақты, деп хабарлайды Экспресс К.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған департамент басшысы жайлы Орда.кзақпараттық сайты жазды. Дерекке сүйенсек, Руслан Ысқақовтың әйелі күйеуі тергеу изоляторында аштық жариялап, 40 күннен бері ештеңе жемегені жайлы хат жазған. Мұндай қадамға ол тергеудің обьективті түрде қаралуын талап ету үшін барған көрінеді.
«Күйеуімнің жағдайы ауыр. Оған білікті медициналық көмек көрсетілмейді. Оның ресми түрде аштық жариялағанына 40 күн болды. Ол туралы ведомствоаралық жедел-тергеу тобының басшысы, сондай-ақ Бас прокурор мен Президент Әкімшілігі басшысы хабардар. Күйеуімнің аштық жариялауының мақсаты — бопсалау және айла-шарғы жасау емес, объективті тергеуді сұрау», — деп жазған Сәуле Ысқақова.
Сонымен қатар, Сәуле Ысқақова күйеуінің тергеу изоляторында 11 айдан бері жатқанын, әрі жағдайын күн санап ауырлап бара жатқанына да тоқталған.
Еске салайық, Экспресс К бұған дейін Кәрім Мәсімовтің орынбасары Руслан Ысқақовтың қамауға алынғанын жазған еді.