2026 жылға дейін мамандарды даярлаудың алдын-ала болжау үлгісіне көшеміз – вице-министр
![](https://matritca.kz/wp-content/uploads/2022/11/09083e1a-49c1-4b73-922b-4cc0c38f2c7f-780x470.jpeg)
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бриингте ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев 2026 жылға дейін жоғары білімді дамытудың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда жоғары білім саласындағы ұлттық саясаттың ең басты міндеті – ол жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және де «білім экономикасына» қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау. Осы міндеттерді орындау үшін бүгінде біз стратегиялық басымдықтарды нақты айқындап, бірқатар бағдарламалық құжаттарды бекіттік. Бұл – университеттердің автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы, 2022-2026 жылдарды қамтитын ҚР Білімді дамытудың тұжырымдамасы», — деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.
Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, 2026 жылға дейінгі жоғары білімді дамытудың басты бағыттарына мыналар кіреді:
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту;
— мамандарды даярлаудың алдын-ала болжау моделіне көшу;
— жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру және мазмұнды жаңарту;
— жоғары білімдегі цифровизациялау;
— университеттердегі басқару жүйесін жетілдіру;
— жоғары білімдегі интернационализациялау;
— жоғары білім жүйесінің сапасын қамтамасыз ету.