158 млн тг қарызды өндіріп алу: кәсіпкерге елден шығуға және дүние-мүлкіне тыйым салынбақ болды
Жоғарғы сот жеке сот орындаушы мен кәсіпкер арасындағы дауға төрелік етті. Жеке сот орындаушы қарызы бар кәсіпкерге түрлі шектеулер қойып, дүние-мүлкінен айырмақ болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл шілде айында жеке сот орындаушы (ЖСО) АҚ-дан 158 миллион теңгеден астам қарызды өндіру туралы атқарушылық іс қозғап, АҚ-ның жылжымалы мүлкіне тыйым салып, 83 көлігін қамауға алу және арнайы тұраққа орналастыру туралы қаулы шығарған.
Акционерлік қоғам басшысының борышкер ретінде Қазақстаннан тысқары шығуына да уақытша шектеу қойылған.
«Акционерлік қоғам жеке сот орындаушының әрекетін заңсыз деп тану, көлік құралдарын ұстау және арнайы тұраққа орналастыру, кәсіпорын басшысының елден тысқары шығуына уақытша шектеу қою туралы қаулының күшін жою жөнінде талап қоюмен сотқа жүгінген.
Талап қоюда жеке сот орындаушы тарапынан оның мүлкіне өндіріп алуды қолдану кезінде өндірістік циклге қатысты заңмен белгіленген басымдық сақталмағаны, талап қоюшыда тауардың (көмірдің) болуы ескерілмегені көрсетілген. Елден тысқары шығуға шектеулер кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуіне, басшы мен клиенттердің кездесуіне, келіссөздер мен шарттардың жасалуына кедергі келтіреді.
Бірінші сатыдағы сот көлік құралдарын қамауға алу туралы қаулының күшін жою туралы талапты қанағаттандырып, басшының елден тысқары шығуына тыйым салу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан», — делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Апелляция істі қарау барысында тараптар мен мүдделі тұлға татуластыру мүмкіндігіне ие болып, тараптар жасасқан медиациялық келісім келесі шарттармен бекітілді:
- жауапкер (ЖСО) шартқа қол қойылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде көлік құралын ұстау туралы ұйғарымның күшін жояды;
- талап қоюшы (АҚ) 2024 жылдың соңына дейін 158 миллион теңгеден астам қарызды төлеуге міндеттеледі.
Соттың ұйғарымы заңды күшіне енді.