Жамбылская область

«138 тонна пияз шіри бастаған»: Жамбылдық пияз өсірушілер шығынға баттық деп шағымдануда

Жамбылдық диқандар шығынға баттық деп шағымданып жатыр. Себебі қоймаға сақтап қойған 138 мың тонна пияз шіри бастаған. Шаруалар өнімін шетелге шығара алмаған, тіпті елде де сұраныс жоқ. Ақыр аяғы пиязды тонналап қоқысқа тастай бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Зулуфовтар әулеті 30 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Былтыр 20 гектардан 1000 тонна пияз алды. 300 тоннасын күзде сатып, қалғанын көктемге алып қалған. Бірақ тонналаған тауарының түбі дымқылданып, шіріп барады.

«Еш нәрсені ақтаған жоқ, 30-35 теңгеден 200-300 тонна көлемінде сатқан шығармыз. Қалғаны, міне, жатыр, 10-15 теңгенің өзіне алатын адам жоқ. Пайда түгіл, шығынның өзін шығар алмай отырмыз. Кредиттен кредит, қарыздан қарыз. Егуге қорқып қалдық. Немен егесің, алған ақшамызды егіп, мына қойманың ақшасын бере алмай отырмыз. Әлі химикаттың ақшасы бермеген жерлер бар. Олар ақшасын талап етіп жатыр. Кім біледі осылай боларын», — дейді диқан Нурмамед Зулуфов.

Облыста Нурмамед сияқты 450 шаруашылық өнімді қайда өткізерін білмей дал. Сұраныс болмаған соң 138 мың тонна тауар қоймада тұр.

Байзақ ауданындағы 30 қоймада 15 000 тонна пияз сақтаулы. Шаруалар енді бір 20 күнде өнімдерін өткізіп үлгермесе, тауарлары қоқысқа айналатын түрі бар. Диқандар оның өзіне шығынданамыз ба деп алаңдаулы. Себебі қоқыстарды қала сыртына шығару үшін әр жүк көлігіне 15-20 мың теңгеден беруі керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген мәліметке сәйкес, пияз көлемі елдегі сұраныстан 3 есе артық жиналған. Республика бойынша 1 миллион 100 тонна өнім алынды. Сол себепті пияздың келісі 15 теңгеге дейін түскен. Ал жауапты басқарма басшысы: «Негізгі тұтынушы Ресей, одан әрі Еуропа еді» – деп отыр. Ресейдің өзінде пияз былтыр бітік шыққан. Одан кейін ондағы геосаяси ахуалға байланысты экспорт көлемі де төмендеген.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінен тапсырма болды. Біз сияқты ауыл шаруашылығы басқармаларынан әріптестеріміз, одан басқа әлеуметтік корпорацияларының өкілдері келіп, тауар өндірушілермен, фермерлермен кездесіп, осы пияз өнімдеріне қатысты келісімшарт жасау. Егер өнімдерден пияз жетіспеушілігі болса, сол жерде кездесу аясында алып кетуге келісімшарт жасап, сондай жұмыстар жүргізуге тапсырма бар», — деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.

Қазір пиязды Пәкістан мен өзге елдерге экспорттау үшін келісімдер жасалып жатыр. Бұл туралы министрлік сайтында жарияланған. Ал облыс әкімдігі пиязды кептіріп сату үшін инвестор іздестіріп жатыр. Зауыт салынатын жер дайындап, тіпті қажеті инфрақұрылым да жүргізіп бермек. Әзірге тек қытайлық кәсіпкерлер қызығушылық білдірген.

Другие новости

Back to top button