Қаржы министрлігі «Ашық құқықтық актілер» порталында «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қоғамдық талқыға ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылы 1 қаңтардан бастап:
- Жалақының ең төмен мөлшерi – 85 000 теңге;
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 32 360 теңге;
- Зейнетақының ең төмен мөлшерi – 62 771 теңге;
- Айлық есептiк көрсеткiш – 3 932 теңге;
- Базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 46 228 теңге белгіленсін.
Сонымен қатар жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 8,5 пайызға көтеру ұсынылып отыр.
“1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгiленсiн. Жыл басынан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін қазақстандық сарапшылар әлеуметтік жағдайға қарамай, барлық балаға жәрдемақы тағайындауды ұсынған еді.