Құрылыс компанияларына цифрлық бақылау: Лицензиаттардың тізілімі енгізіледі
Қазақстан халқына Жолдауы аясында елде ірі құрылыстар мен инфрақұрылымды жаңғырту басты басымдық ретінде белгіленді. Осы мақсатта құрылыс компанияларының сенімділігі мен мүмкіндігін цифрлық бақылауға алу үшін жаңадан Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) енгізілетін болды.
Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі не үшін қажет
Тізілімнің негізгі міндеті — қолданыстағы заңнама шеңберінде лицензия иелерінің біліктілік талаптарын сақталуын тұрақты түрде қамтамасыз ету. Бұл тапсырыс берушілерге және мемлекеттік органдарға мердігерлердің мүмкіндіктерін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде адал жұмыс істейтін ұйымдар үшін жобаларға қатысу ашық әрі тең шарттарда өтеді, ал нарықта сапасыз құрылыс тәуекелдері төмендейді және нысандар уақытылы пайдалануға берілуі ықтимал болады.
Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімі арқылы қандай деректер тексеріледі
Тізілім құрылыс және жобалау ұйымдарының белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін цифрлық мониторинг арқылы бағалайды. Тексеру барысында мемлекеттік цифрлық жүйелерден алынатын деректер негізге алынады.
- Білікті мамандардың болуы және олардың еңбек тәжірибесі;
- Қажетті өндірістік және техникалық база, құрал-жабдықтардың қолжетімділігі;
- Компанияның бұрынғы жобалары мен жұмыс нәтижелері.
Осы мәліметтер негізінде тапсырыс беруші лицензияның бар-жоғы ғана емес, компанияның нақты мүмкіндіктерін де ескеріп мердігер таңдай алады.
Тізілім енгізілу мерзімі және күтілетін әсері
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесу барысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері, өңірлік филиалдар мен сала бірлестіктеріне Тізілім таныстырылды. Бұл жұмысты Комитет төрағасының орынбасары Мұрат Рысдәулетов ұсынды.
Жүйені тестілік режимде іске қосу ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған. Тізілім енгізілгеннен кейін құрылыс нарығының ашықтығы артып, компаниялардың тәжірибесі мен әлеуеті цифрлық шешімдер арқылы объективті бағаланады.



