«Зорланған соң 9-шы қабаттан секіріп кетті»: Ақтаудағы бойжеткеннің өлімі. Туыстары сот шешіміне неге наразы
Былтыр мамырда Алина есімді бойжеткенді Ақтауда бірнеше жігіт көлікпен алып кетіп, адамның ойына сыймайтын қорлық пен зорлықты көрсеткен. Қылмыс болғаннан кейін төрт күннен соң қорлыққа шыдамаған Алина тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен.
Таяуда осы іске байланысты үкім шығып, бірнеше жігіт әртүрлі мерзімге сотталды. Алайда Алинаның туған-туыстары сот үкімімен келіспейді. Ulysmedia.kz тілшісі марқұмның сіңлісі Арайлыммен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын біліп көрді.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ
Алина тірі болғанда былтыр 30 қазанда отыз жасқа толар еді. Арайлымның айтуынша, 2024 жылдың 14 мамырында Алина спорт кешеніндегі жұмысынан шығып, сөмкесін асынып, үйіне жаяу аяңдаған. Сол кезде артынан көлік тоқтаған. Ішінен бірнеше жігіт шығып, Алинаны «есірткі тасушы деп ойлап», машинаға күштеп отырғызып, жолды көрмес үшін көзін байлап, «Хазар» базары маңындағы жанар-жағармай тұрағына келіп тоқтаған.
Олар Алинаны ұрып-соғып, қорқытып бөлменің ішіне қамап қойған. Атынан телефоны арқылы 2 млн теңге несие алған. Әрі қарай қасына ертіп алып, ақшаны шешетін жер іздейді. Қателеспесем кейін сотталған С. 2009 жылы өзінің жүріп жүрген қызын зорлап, бөлшектеген және бір дүкенді тонап 15 жылға сотталған. Сол жазадан кейін де осындай әрекетке барып тұр, — дейді Арайлым.
Сіңлісінің сөзінше, көлікте Алинаны «есірткі тасушы екеніңді мойында» деп қинаған. Сөмкесін қарап, киімдерді көрген соң спортшы екеніне сенгендей болған. Бірақ, бәрібір жібере қоймапты. Арайлымның сөзінше, Алинаға ер адам бейнеленген ұятсыз видеоны қинап, соңына дейін көрсеткен, мефедрон берген. С-мен көлікте жалғыз қалған. Таңға дейін ойларына келгенін істеп, мекенжайын білетінін, біреуге айтса өлтіріп кететінін айтып, үйіне әкеліп тастаған.
ҚОРЫҚҚАННАН ҚҰРБЫСЫНЫҢ ҮЙІНЕ КЕТКЕН
Қатты қорқып қалған Алина келе салысымен бүкіл заттарын жуады да, үйінен кетіп қалады. Себебі, тұратын жерін білген соң кез-келген уақытта әлгілер келіп қалады деп сақтанады. Ә. есімді құрбысының үйіне барады. Бет-жүзі көкпеңбек болған соң жұмыс орнына бетпердемен барып жүреді. Түрін көрсетпес үшін залға баратын анасына, сіңілісіне ол жердің жұмыс істемей жабылып қалғанын ескертіп, келмеуін өтінеді.
Осыдан кейін барлық жайтты құрбысына айтқан. Інісі Бауыржанға зорлағанынан басқа жайттың бәрін айтып берген.
Ағам екеуі оқиға болған жанармай бекетіне, «Хазар» базары айналасына барып, іздеп біреуін ұстаған. Сөйтіп, 18 мамыр күні болған оқиғаны анасына айтқан соң, арыз жазу керектігін бұл істің сотқа баратындығын айтады. Алина, ертең «бәріне қалай қараймын, қайтіп айтамын» деп қатты ұялды. Содан құрбысының үйінде тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен, — дейді Арайлым.
«ТӨРТЕУІ САҒАН ЖАБЫЛАДЫ»
Арайлымның сөзінше, сотта төртеуі бәрін мойындаған, бірақ С. есірткіні алғаш қолданғанын, зорламағанын айтып, тағылған айыпты жоққа шығарған. Бірақ Алина тірісінде дәл соның зорлағанын айтып кеткен. Арайлымның сөзінше, Алинаға «менімен болмасаң, төртеуі саған жабылып тиіседі, одан да менімен жата сал» деп айтқан.
Естігенім бойынша, сот шешімі шығарда бұлар дүние-мүлкін сатып, 60 миллион теңгеге жуық ақша жинаған. Олардың үйін сатып ақша жинағаны айқын. Ішіндегі Ж. деген бала әлі күнге дейін уақытша оқшаулағышта болса да, Инстаграмда белсенді болып отырады. Біздің отбасымыз салған стористердің бәрін әдейі бақылап, көріп отыр. Ол аз десеңіз, ол қыздардың «историясына» жауап жазып та үлгереді екен. Қазір оның парақшасы сыртқы қолданушылар үшін жабық, — дейді марқұмның сіңлісі.
Неліктен бұл оқиға осы желтоқсан, қаңтар айларында ғана белгілі болып жатыр деген сұрақ туындайды. Арайлым мұны «сот әділ өтеді деп ойладық, себебі, төртеуінің мойындаған дәлелі, видео, барлық айғақтар болды, ешкімге тіс жармадық. Шешім мынадай болған соң, ақпарат таратуға тура келді. Барлық айғақ қолда тұрсада осындай шешім шығарды» деп түсіндіреді. Соттың өзі 27 қазан басталған. Тараптар сараптама қорытындысын ұзақ күтіпті. Алинаның ағасы «сот әділ өтсін» деп, бас прокурорға Е-қызмет арқылы арыз жазған.
Бірақ олар оны алып тастауды сұрады. Шешім шыққаннан кейін Ақтаудағы сайттарға ақпаратымызды жібергіміз келді, бірақ қабылдамады. Тек «Не молчи» қоры салып берді, оның артынша мен ЗТБ-ға жібердім сол арқылы тарап кетті, — дейді Арайлым.
Жәбірленуші тарап прокурорлар әуелі барлық бапты, айыптау актісін жақсы жазып берді дейді. Бірақ келесі күні баптардың көбін алып тастаған. «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» (296-бабы) мен «адам ұрлау» (125-бабы) бабы жайлы айтылған. Бәріне сол баптармен айып тағылған. Бірақ төртеуі 7-8 жылға сотталып, С-ға 20 жыл берілген. Сол үшін жәбірленушілер 5 қаңтарда аппеляцияға шағым түсірген.
Төртеуі мойындап тұрса да осы айыптың тағылмағаны біз үшін де күдікті болды. С-ның «қызды зорладым» деген сөзін төртеуі естіген. Бірақ ол өзі мойындамады. Сондықтан іс қайта қаралуы керек деп арыз жаздық, — дейді Арайлым.
ДӘЛЕЛДІ ЖОЙМАҚ БОЛҒАН
Арайлымның айтуынша, бесінші сотталушы А. несиені алдырған және соны дәлелдейтін бейнебақылауды жоймақ болған. Жәбірленуші тарап бұл жағдай қылмыстық кодекстің «құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi жымқыру, жою, бүлдіру немесе жасыру» (384-бабымен 422-бапқа сәйкес) әрекеті орын алып тұрғанын айтады. Бірақ сотта бұл жайлы ескерусіз қалған.
«НЕ МОЛЧИ» ҚОРЫ НЕ ДЕЙДІ
Оқиғаны елге жеткізуде бастамашы болған қор осы – Не молчи.
Статистиканы қарап көріңіз. Осы сот қана емес, ондай іс өте көп. 6 жыл ішінде өз-өзіне қол салу 40 мың мәрте тіркелсе, дәл сол уақыт аралығында бар болғаны 7 адамды сотқа тартқан, — дейді қордың негізін қалаушы Дина Смайылова.
Прокурор жарыссөзде бас фигурантты өмір бойына соттап, басқа қатысушыларға 15-16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған. Прокуратура сот үкімінің саралау бөлігі мен жаза мөлшеріне келіспегендіктен 2025 жылғы 5 қаңтарда апелляциялық өтінішхат жазған.
Қылмыстың мән-жайы дүйім жұртқа бүгін ғана мәлім болып отыр. Бұл да дәл – Шерзат пен Салтанаттың ісі іспеттес. Айырмашылығы – бірінің қоғамдық төңкеріс жасап, екіншісінің ел талқысынан әрі аса алмай жатқанында.