Зерттеуші қазанды неге қыз жасауына қосуға болмайтынын түсіндірді

Белгілі мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай қыз жасауына неліктен қазан қосуға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ШАҢЫРАҚҚА ҚАРА”
Зерттеуші алдымен қазақта “шаңыраққа қара” сөзі қайдан шыққанын түсіндірді.
— Ертеде қыз жасауына киіз үй де кіретін, бірақ шаңырағы мен есігін жігіт жақ алып келетін. Себебі “шаңыраққа қара” деген түсінік бар. “Шаңыраққа қара” деген кезде ер адамның шаңырағы болуы керек, дейді Зира Наурызбай.
ҚАЗАНДЫ НЕГЕ ЖАСАУҒА ҚОСПАЙДЫ
Сонымен қатар, зерттеуші қазақ неге жасауға қазанды қоспайтынын түсіндірді.
— Әлеуметтік желіде қыздардың жасауын көрсетіп жатқан видеоны байқап қаламыз. Сол жерде түр-түрімен кәстрөл, табақ жүреді. Бірақ негізі қазақ қазанды жасауға қоспайды. Себебі қыз жақ қазан берсе “құтымыз қызбен бірге басқа руға, басқа әулетке кетеді” деп ойлаған. Ал бір шетінен ұлына енші берген кезде қазанды бірге береді, бұл — үлкен миссия. Бұл – балалары өскен, үйленген әкенің миссиясы. Қазақта “қойнына қатын салып, бауырына қазан орнаттым” деген сияқты сөз содан шыққан, дейді зерттеуші.
КӨРДЕН ТАБЫЛҒАН ҚАЗАНДАР
Оның сөзінше, қазанның мифологиясы тереңде жатыр.
— Себебі қай заман болмасын, археологтар көр қазған кезде көбіне қазан тауып алады. Бірақ қазан әйел адамның емес, ер адамның көрінен шығады. Археологияда ғұндардың қола қазандары деген тақырып бар. Бұл ғылымдағы үлкен тақырып. Жай ғана ер адамның немесе жауынгердің емес, қолбасшының, батырдың көрінен қазан табылып жатады. Себебі жорықта жүрген кезде сол қазанмен жауынгерлер тамақтанған. Ал екіншіден, мифологияға кете берсек, қазан ер адам үшін әйелі сияқты. Себебі қазан – ұлы ананың символы. Кез келген ыдыс, әсіресе тамақ пісіретін ыдыс ұлы ана, баланы жарататын құдайдың символы болып саналады. Себебі бала жатырға түскен кезде ол “піседі”. Сол секілді шикі ет қазанға түскенде дайын ет болып шығады. Қазанның символдық мағынасы зор. Сол үшін қазанды жасауға қоспайды, оны жігіт жағы береді, дейді зерттеуші.
ЖЕТІ ШЕЛПЕК