Главное
Зейнетақы шотындағы ақшаның бір бөлігін мерзімінен бұрын алу тоқтатыла ма

Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануды тоқтату немесе төменгі шекті қайта қарау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол зейнетақы жинағының артылған бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға заңмен рұқсат етілгенін атап өтті.
«Сондықтан қазір оны тоқтату немесе қайта қарау қарастырылып жатқан жоқ. Әр азамат өзі шешім қабылдайды. Бүгінгі күні оны азаматтар түсініп келе жатыр. Елдің бәрі зейнетақы жинағын қолданып қойған жоқ. Қолданбаған да азаматтарымыз да бар. Ол кісілер — болашақ зейнетақысын жоспарлап отырған азаматтарымыз. Ал қолданған азаматтар қосымша төлемдерін ұлғайтып, болашақ зейнетақыларын жоспарлап жатыр», — дейді Шәріпов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Сондай-ақ зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегіне де ешқандай өзгеріс енгізу жоспарда жоқ, дейді БЖЗҚ басқарушы директоры.