Госорганы

Зейнетақы шотындағы ақша неге азайып қалады – БЖЗҚ түсіндірді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтардың зейнетақы шотындағы ақша не себепті азайып қалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚОР НЕ ДЕЙДІ

БЖЗҚ хабарлауынша, ең алдымен ескере кететін мәселе: зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинағы әр салымшының жекеменшігі. Сондықтан оған ешкімнің, тіпті Үкіметтің де қол сұғуға құқы жоқ. Ал «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ, Қор) – азаматтардың жинақтарын заң жүзінде қорғауға міндетті ұйым. Әр азаматтың зейнетақы қорына аударып отырған зейнетақы жарналары босқа жатпай, тиімді қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкелуі керек.

Елімізде халықтың зейнетақы қорындағы қаржысын инвестициялаумен БЖЗҚ емес, Қазақстан Ұлттық банкі және «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ «Halyk Finance» АҚ бес басқарушы компания айналысады. Олар салымшылардың зейнетақы жинағына қосымша кіріс кіргізу мақсатында халық қаржысын отандық және шетелдік экономиканың түрлі секторларына, әртүрлі валютада инвестициялайды. Ал, қаржы нарығы — құбылмалы. Кірісіңіз бірде оң нәтиже берсе, келесіде керісінше болуы әбден ықтимал. Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақытта АҚШ долларының бағамы бірде шарықтап, бірде сәл төмендесе, бірде тұрақтағандай сыңай танытып жүр. Біздің жинағымызға есептелетін инвестициялық кіріс те сол доллардың бағамы сияқты – делінген түсіндірмеде.

Десе де, зейнетақы активтері – ұзақ мерзімді инвестиция екенін естен шығармаған жөн. Инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал.

Бұған қоса, естеріңізге салғымыз келетіні, Қазақстан азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде инфляция деңгейін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен сақталуына кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел. Демек, жинақтарым жоғалып кетеді деп еш алаңдамаңыз! – делінген қор түсініктемесінде.

71 елдің зейнетақы жүйесі талданған Allianz жаһандық зейнетақы есебінде Қазақстан Австрия, Испания, Чили, Сингапур, Гонконг, Қытай және басқа да көптеген елдерден озып, 26-орынға орналасқан.

Другие новости

Back to top button