Выбор редакцииГосорганы

Заң қазақ тіліне дұрыс аударылмайды

Халықтың құқықтық сауатын арттыру – азаматтық қоғамды қалыптастыру жолындағы негізгі қадам. Дегенмен бұған дейін Қазақстанда құқықтық сауаттылыққа қатысты түрлі сын айтылып келді. Мысалы, экс-әділет министрі Қанат Мусин азаматтардың құқықтық тұрғыдан сауаты өте төмен екенін мәлімдеп, ашық дереккөздердегі мәліметтердің қызықсыз екенін айтқан. Бұл пікірмен заңгер Мырзабек Бекберді де келіседі. Оның сөзінше, Қазақстанда заңдар бір оқыған жанға түсініксіз, ал мұны түсіндіріп беретін адамдар жоқтың қасы. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында маман халықтың құқықтық сауатын қалай арттыру керегі туралы айтты. 

 

Заңгер Мырзабек Бекберді Қазақстанды халықтың құқықтық сауаты төмен екенін мәлімдеді. Сөзінше, заң көлемді болғандықтан, оны ешкім оқи бермейді.

«Заңдар дұрыс жазылмаған және әр заңның артында нормативтік-құқықтық актілер өте көп. Мысалы, жер дауы болсын, үйді заңдыстыру мәселесі болсын барлығы нақты жазылмаған. Кейде істі қарау кезінде сот та түсінбей қалады. Барлығын өзіміз түсіндіріп берген соң ғана судья іске қатысты шешім шығарады. Заңдар дұрыс жүйеленбегендіктен, мұны қарапайым адам оқып, түсіне алмайды», – деп сөзін бастады заңгер.

Мырзабек Бекберді азаматтардың сот процесіне қатысты нормаларды түсіне бермейтінін айтады. Ал мұны түсіндіретін маман жоқтың қасы екен.

«Соттасу мәселесінде талап мерзімі мен шешімді бұзу мерзімі бар. Алайда талап-арызды электронды-цифрлы қолтаңбасыз сот кабинетіне жолдай алмайсыз. Бірақ халықтың барлығында компьютер мен ғаламтор қолжетімді емес. Бұл мәселелердің барлығын түсіндіретін маман жоқ. Ал маман дайындайтын университетте Египет пен Римдегі құқық тарихын, Азаматтық кодекс пен Конституцияны оқытады. Айтып отырған жер мәселесін қалай шешу керегін айтып бермейді, демек мамандарды дайындау да жолға қойылмаған деген сөз», – деп түсіндірді маман.

Заңгердің пікірінше, қазақстандықтардың басым бөлігі көлік апаты болғанда қалай әрекет ету керегін білмейді. Сондықтан өз құқықтарын қорғай алмай жатады екен.

«Қазір бір істі қарап жатырмын. Жүк көлігі апатқа түсіп, бірнеше көлік зақымдалған. Ал жүк көлігінің жүргізушісі полицейлер келгенше дүкеннен су әкелмек болыпты. Қайтып келгенде полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты «Апат орнын тастап кетті» деп хаттама толтырған. Негізінде жол-көлік оқиғасы болған жерден кетуге болмайды. Ең алдымен көліктің апаттық белгісін қосып, артына немесе алдына ескертпе қою керек. Бұдан соң полиция мен апаттық комиссарды шақырасыз. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 889-бабының 4-тармағы туралы көбі білмейді. Мысалы, сізге жылдамдықты асырғаныңыз үшін айыппұл келді делік. Егер нұсқаулық 1 жыл көлеміне орындалмаса, ол жойылуы керек. Кейде азаматтар айыппұл төлеуді ұмытып кетеді, түрлі жағдай болады ғой. Алайда бізде айыппұлды 1 жыл мерзім өтсе де ешкім жоймайды», – дейді заңгер.

Мырзабек Бекбердінің айтуынша, заңдар алдымен орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне дұрыс аударылмайды.

«Халықта барлық заңды оқып отыратын уақыт жоқ. Осы себепті әлеуметтік желіде негізгі мәліметтерді таратып, азаматтарды құлақтандырып отырған жөн. Өйткені бізде заңдар бірінші орыс тілінде жазылып, филологтар қазақ тіліне аударады. Филолог заңгер емес, сондықтан кей анықтамалар қазақ тіліне дұрыс бейімделмейді. Оқып отырсаң сөз бен сөйлем арасында байланыс жоқ. Бізде министрлік пен комитетте жұмыс істейтін азаматтар, тіпті судьялардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан осындай олқылықтар орын алады», – деп қосты Мырзабек Бекберді.Заңгердің пікірінше, нормативтік құжаттар мен заңдар қазақ тілінде жазылмағандықтан, халықтың құқықтық тұрғыдан сауаты төмен болып отыр.

«Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес кез келген талап-арыз қай тілде жазылса, сол тілде іс қозғалады. Дау туындағанда біз шартқа қол қоямыз, бірақ шарт орыс тілінде беріледі. Тіпті нотариуста да сенімхат алғыңыз келсе, бірінші сізге орысша нұсқасын ұсынады. Қазақша нұсқасын сұраған жағдайда бір-екі күннен соң келуді сұрайды. Бізге халықтың көзін ашу үшін түсіндірме жұмыстарын көбірек жүргізу қажет және негізгі құжаттарды қазақ тіліне аударған жөн», – деді маман.

Мырзабек Бекберді халықтың құқықтық сауатын арттыру үшін ауыл мен елді мекендерде тегін кеңес беру орталықтарын ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.

«Бізде халыққа қызмет көрсету орталықтары аудан орталықтарында, қалаларда ашылған. Сондықтан мұндай мекемелерде құқықтық тұрғыдан кеңес беретін тегін орталықтың жұмысын арттыру керек. Бұдан бөлек журналистер де, заңгерлер де құқықтық сауатты арттыру үшін TikTok сынды желілерде ақпаратпен бөлісіп отырғаны абзал. Себебі қазақ тіліндегі заңды оқып түсіну қиын дейді. Оның үстіне 200-300 бет болатын кодекстер мен нормаларды оқитын уақыт жоқ. Бізде телеарналарда заңға қатысты бағдарламалар өтеді. Алайда мұнда «Тұрғын үйге кезекке қалай тұру керек?», «Тендерге қатысу реті қандай?» секілді сұрақтарды қарастырмайды. Бұл мәселерді жиі қозғап, көбірек ақпарат ұсынсақ, құқықтық сауат деңгейі де артады деп ойлаймын», – деп аяқтады заңгер.

Другие новости

Back to top button