Выбор редакции

Заманауи идеологияның темірқазығы

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай ел дамуының өзекті мәселелерін шешу мен сын-қатерлерді дер кезінде еңсеруді тиянақтап берді. Осы ретте ішкі саясат пен идеологияға қатысты ойымызды ортаға салған едік.

 

Бірінші. Осы кезге дейін елімізде талай мәрте идеологиялық саясат жасақтау әрекеттері болғаны белгілі. Олардың барлығын тіз­бек­теу­дің қажеті жоқ. Бірақ түптеп кел­генде, олардың өмірден ойып орын ала алмауына, шынайы өмірдің өзегіне айнала алмауына бірнеше себеп бар: посткеңестік, посткоммунистік инерция, қо­ғам­ның этнодемографиялық құ­ра­мы, Қазақстан қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идео­логиялық нарративтердің әркел­кілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық, тағысын тағы.

Мысалы, ұзақ жылдар бойы бай­лық­ты, бай атаулыны­ жа­мандықтың сино­нимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы кереғар пікірлер қалыптасты. Бұның кей­бір қайшылықтары мен сар­қын­шақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз. Тағы бір мысал: кеңес заманын бір керемет таза, пәк кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шындығында біз­дегі қылмыс та, қылмыстық сана да, жем­қорлық та, парақорлық та – бар­лығы кеңестік кезеңнен басталып, жал­ға­сып, үдеп кеткен құбылыстар. Оларға нарықтық экономиканың немесе демократияның қатысы шамалы.

Тағы бір ой. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде кеңес кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс, аграрлық және қалалық сана ара­сындағы қақ­тығыс әлі күнге дейін ше­шімін таппай келеді. Ауылды қала дәре­­жесіне көтеру емес, қаланы ауыл дәре­жесіне апаруға алып келеді. Бұл – үлкен идеологиялық қателік. Осындай қате­лік­тер мен олқы­лық­тар объективті түрде сараланып, шынайы сарапталуға тиіс.

Екінші. Кейінгі кездері зиялы ортада, ел ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде «Қазақстанға жаңа мемлекеттік иедология қа­жет» деген сыңайдағы әңгімелер көбейе бастады. Бұның өзі, ойланып көрсек, ел тарихының бір тарихи кезең аяқталып, оның жаңа бір сапалы сатыға, жаңа тарихи дәуірге аяқ басқанының нышаны. Идеологияға деген сұраныс, жаңа идео­логияны талап ету белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын біл­ді­реді.

Жалпы алғанда, Қазақстан тари­­хының жаңа кезеңінің «Біз кім­біз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» деген сұрақтардан басталуын жақ­сы­лыққа жорығым келіп отыр. Осы сұрақтарға шынайы жауап бере алсақ, болашақтағы болмысы­мыз­ды айқындап, қиын кезең­дерден, тарихи сынақтардан аман шыға аламыз.

Осы себепті көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, Президент кейінгі үш жылда айқындаған,  құрылтайларда талқыланған, уа­қыт елегі мен қоғам талқысынан өткен идеологемалар мен құнды­лық­тарды топтастырған кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қамтитын Ішкі саясат доктринасы не концепциясы қабылдануы шарт.

Үшінші. Идеология дегеніміз – саясат пен мәдениетті жалғайтын өмірлік өзек, табиғи арна. Мемлекет басшысының бастауымен біршама жұмыс та жасалып, жасақталып жатыр. Соның бірі – елімізде жүзеге асқан архивтік революция. Президент құрған мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан аса НКВД-КГБ органдарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Ке­йін­­гі үш жыл шамасында зұлмат жылдардағы еліміздің тари­хына қатысты мың­даған құжат жария­ланып, ғылыми айна­лымға түсті. Серия-серия, том-том тарихи құжат­тық жинақтар жарық көрді.

Тағы бір үлкен жетістігіміз, еліміздің жаңа тарихында қазақ ға­лымдары тұңғыш рет өз тарихын түгендеп, өткенін тәуел­сіз саралауға мүмкіндік алды. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық тарихын жазуға бүгінгі таңда жүздеген отандық және әлемдік ғалымдар тартылып, жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Алдағы жылы көптомдық қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарияланады. Бұл – болашақта еліміздің мектептен университетке дейінгі барша оқулықтарын жаңартуға мүмкіндік беретін тұғыр­­лы қадам.

Мұның бәрі осы салада жасалып жат­­қан басқа да игі жұмыс­тар­мен бірге жоға­­рыдағы сұраққа жауап алуға мүм­кіндік береді. Ал ен­ді толық жауап бағытында, біз­діңше, кешіктірмей «Қазақ­станның саяси ойы тарихы», «Қазақ­станның құқықтық тарихы», «Қазақ­стандағы экономикалық ой тарихы», «Қазақ­станның философиясы», тағы сол сияқты ке­шенді іргелі еңбектер жарық көруі керек. Бұн­дай кешенді жұмыс­тар қазақтың жаңа замандағы идео­ло­гиясын жасақтауға сеп болатын, оның идеялық, тарихи негіздерін, заңды­лық­тарын айқындайтын нақты қадам бол­мақ.

Төртінші. Еліміздің жаңа идео­логиясы өмір шындығынан, ұлттың қиын-қыстау тарихынан, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, жаңа қоғамның әлеуметтік құндылықтарынан туын­дап табиғи түрде, органикалық түрде өсуі шарт. Басты мақсат – қазақ ұлты мен мемлекетінің тәуелсіздігі. Заң мен тәртіптің баршаға ортақ қағидатқа айналуы. Қазақстанның бар салада өз өзін қорғауға, жері мен руханиятын сақтап, дамытуға дайындығы. Еліміздің әр азаматының іс жүзіндегі отаншылдығы, өзінің және елінің болашағын ойлап, қамқор болуға әзірлігі. Қоғамды қоғам ететін, ұйытып, бірлігін, имандылығын сақтай­тын құнды­лық­тардың салтанат құруы. Сая­сат­тың басты міндеті – осы алғы­­шарт­тарды жүзеге асыру. Кез кел­ген қайшы­лықты бейбіт түрде шешуге ортақ дайын­дықты паш ететін мәдениетті қалып­тастыру. Осылар іске асып жатса, өзге­ден ерекше «қазақ арманын» іздеудің не қажеті бар?

«Бөтен» мен «жақын» дейтінге келсек, алдағы уақытта қазақ еш­кім­ді жау қылмайтын идеологияны ұстануы керек. Идеология біреуді жау қылу немесе біреуден кек алу үшін жасалмайды. Нега­тивтік мотивация ерте ме, кеш пе бар­шаны тығырыққа тіреп, болашақтағы соғыстарға жол ашады. Өзгеріс, бетбұрыс энер­гиясы сыртқа емес, ішке бұрылуы шарт. Біздің «жат» – бұрынғы кейпіміз, архаи­­калық болмысымыз. Біздің «бөтен» – кеңес­тік, коммунистік, отарланған санамыз.

Адал азамат адал қоғамды, адал қо­ғам әділетті мемлекетті құра ала­­тыны белгілі. Бұған кепіл бола алатын екі құрал бар; бірі – заң мен тәртіп, екін­шісі – мәдениет пен ақпарат. Осының бар­лы­ғын ұйым­­дастырып ұйыстыратын құ­рал мен құрылғыны идеология десек, қателеспеспіз.

Бесінші. Жаңа идеологиялық үштаған. Конституционализм. Институционализм. Кон­вен­циа­лизм.

Конституция және қоғам. Осыдан дәл үш жыл бұрын бас­тау алған президенттік реформалар конституциялық референдум кезінде қоғам тарапынан көпшілік дауысқа ие болып, қолдау тапты. Бұл рефор­малар саяси айналымға, саяси өмірге мемлекеттің бас құжаты Консти­туция­мызды жаң­ғыртып, оны тікелей әрекет құжа­ты­на айналдыруға мүмкіндік ашты. Конституциялық сот жұ­мысы қайта жаңғырды. Жаңа мем­лекеттік идео­логия заң мен тәртіп қағидасына бағынуы керек дедік. Өмірге қазақ құқығы, қазақ құқықтық жүйесі деген тіркестер мызғымас заңдылық кепілі ретінде оралуы шарт. Конституцияның өмірмен, қарапайым адамдар тағды­рымен кезігіп, қауышатын жері – сот жүйесі. Сот, сот процедуралары, сот құжаттары – қо­ғам­ды тәрбиелеу және тәртіп пен әділет орнату құралы. Біз заң өктем­дігі қағидатын соттардың сайлануы не тәуелсіздігі дегеннен емес, сот­тар­дағы барша процедураларды айқын, анық, бәсекелі етуден, әрбір процедураға илану, сену дәстүрінен бастауымыз қажет. Конституция және құқық негіздері мектеп оқу­лық­тарына енуі шарт. Сонымен қатар конс­ти­туциялық оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы олимпиа­далар, конкурс­тар саны еселеп артуы керек.

Институттық жүйе. Жаңа идео­логия ең алдымен мемлекеттік конституциялық институттардың белсенді, шынайы жұмысына не­гізделуі керек. Біз әрбір мем­ле­кет­тік институттарға жан бітіріп, пәрмен беруіміз керек. Бұл ең алдымен аймақтар мен өңірлердегі мәслихаттар жұмысына қатысты болмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы өңір мәслихаттары депуттарының форумында ке­шенді баяндама жасаған еді. Президент мемлекеттік органдар мен шенеуніктерге ең алдымен Конституцияға, конституциялық институттарға пәрмен беру керек екені туралы айтып жүр. Мысалы, әлеуметтік желілер қоғамдық инс­титут болып саналады. Олардың ешқандай конституциялық күші жоқ. Қоғамдық не әлеуметтік белсенділік тек желідегі желпіну болып қалмауы шарт. Шынайы азаматтық белсенділік айтып қалу емес, дәстүрлі конституциялық инс­титуттар мен мен механизмдерге арқа сүйей отырып, нәтижеге қол жеткізу, соларға жан бітіру, соларды пәрменді күшке айналдыра білу, кәдеге жарату. Мемлекет өз тарапынан көптеген тетікті іске қосты. Ал оларға жан бітіріп, қоғамның жоғын жоқтап, барын түгендейтін институтқа айналдыру – баршаның ортақ жұмысы.

Конвенциализм. Идеология дегеніміз – қоғамдық қай­шы­лықтардың санын кемі­ту немесе жоқ қылу деген сөз емес. Ке­рі­сінше, кез келген қоғам қай­шы­­лықтар арқылы дамып оты­рады. Осы қай­шылықтардың мә­дени Һәм рухани сала­дағы, сая­сат пен эко­номикадағы теке­ті­ресі, басқа мә­дениеттер мен өркениеттер­дің пози­тивті не негативті қарым-қатынасы, кейде қақтығысы белгілі бір қуат пен энер­гия өрісін қалыптастырады. Алайда идео­­логиялық тартыс­тар, саяси айтыстар елде мүлдем мәміле, азаматтық не саяси келісім болмауы керек деген сөз емес. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, ұлты­мыздың ғасыр­лар бойы іздеп көксегені, армандап аңсағаны сенім мен ауызбірлік екен. Оның талай мысалын тарихтан да, әдебиеттен де жақсы білеміз.

Ортақ мүддеге бағыну, сөзге тоқтау, мәмілеге келе білу қай заманда да қазақ қоғамының арманы мен идеалы болды. Осыны ескерсек, бүгінгі қазаққа, әсіресе саяси тап пен зиялы қауымға кейбір «дәстүрлі» дерттен арылу қажет. Мысалы, идеологиялық дуализмнен арылу. Ұлттық интеллигенция бойында онжылдықтар, тіпті ғасырлар бойы дуализм қа­лып­тасты. Оның шарттары: мем­лекетті жау санау, мемлекеттік сая­сатты қазаққа қарсы саясат санау, тарихи пессимизм, болашаққа қатысты негативизм мен бүгінге қа­тысты нигилизм мен цинизм. Бұл дуализмді тіпті Тәуелсіздік кезеңі әлі де толыққанды емдеп біткен жоқ. Алайда жаңа идеоло­­гия­лық саясат осы бір дертке дауа болуы шарт.

Жаңа кезеңдегі қазақ мем­лекетінің идеологиясы­ ең алдымен қазақ руханияты мен тарихынан сусындап, ұлт пен мемлекеттің түбегейлі құндылықтарына не­гіз­­делетін идеология болмақ. Де­мек осы тарихи платформада еліміздің зиялы қауымы мемлекет жанына топтасып, мемлекеттік құндылықтарды шын ниетпен насихаттауға, одан қашқақтамай, шынайы сенуіне мүмкіндік алуға тиіс. Билік айналасына емес, мемлекет айналасына. Себебі билік келеді, кетеді, билік ауыса береді: ал мемлекет, мемлекеттік құндылықтар мызғымай сақталып, жалғасып жатуға тиіс. Бұл да – бір модер­низациялық жоба аясында жаса­латын қоғамдық келісімнің бірі.

Осындай және осыған ұқсас жұмыс­тарды еліміздегі саяси күштер, оның ішінде Парламенттегі саяси партиялар белсенді жүргізе бастауы қажет.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты,

Ұлттық құрылтай мүшесі

Дереккөз: egemen.kz

 

Другие новости

Back to top button