Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов түрмеден ерте шығу үшін тағы өтініш білдірді
Бұрынғы вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын жеңілдетуді сұрап, сотқа талап-арыз түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түрксіб аудандық сотына жаза шараларын ауыстыру бойынша іс-материалдары келіп түсті. Өтініш жақын арада қаралады», — деді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төребаев пен Шерниязовқа қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырған еді.
Айта кетсек, бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен 10 сотталушы ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу, қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және оны басқару бойынша кінәлі деп танылып, олар 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын.
Сотталушылар Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Сотталушылар мен олардың өкілдерінен үкімге апелляциялық шағым түскен болатын.
Еске салсақ, 2019-2020 жылдар аралығында Алмас Құрманғалиев және Ержан Мансұров есімді азаматтардың ойластыруымен «MUDARABAH CAPITAL» ЖШС атты қаржы пирамидасы құрылып, бұл науқан Ислам қағидаларына сәйкес келетін қаржы (инвестициялық) институты ретінде таныстырылып, жәбірленушілердің осы жобаға үміт бар деген жалған түсінігін қалыптастырған.
«MUDARABAH CAPITAL» ЖШС құрылтайшыларының құрамына осы ЖШС-да әрбірінің 11-11,5% үлесі бар түрлі қылмыстық рөлдер берілген сотталушылар Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев кірген.
Сондай-ақ компанияның қызметіне белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернияз да тартылған. оларға компанияның жұмысын насихаттау, үгіттеу, әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында ЖШС жарнамасын жүргізу рөлдері берілген.
Осы қаржы пирамидасының қылмыстық қызметінің нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде – 1 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірілді.