Главное

Үш университетте текстологтар мен кодикологтарды даярлайтын магистратура ашылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында магистратура бағдарламасы бойынша текстологтарды, кодикологтарды даярлаудың жаңа бағыттарын ашу жоспарланып отыр. Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Ежелгі түркі, шағатай, араб жазуларының ескерткіштерінде символдарды еркін оқитын, оларды зерделеудің кодикологиялық әдістерін қолдануға қабілетті ғалым-мамандарды даярлау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында магистратура бағдарламасы бойынша текстологтарды, кодикологтарды даярлаудың жаңа бағыттарын ашу жоспарлануда. Жыл сайынғы ғылыми тағылымдама шеңберінде ғалымдарды 27 елдің 138 шетелдік ғылыми орталығына, оның ішінде Түркия, Қытайға жіберу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Иранның ғылыми орталықтарын қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде» делінген жауапта.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі қыркүйек-қазан айларында шығыс (араб, парсы, шағатай, төбе) және ескі славян тілдерін меңгерген тарихшылардың, шығыстанушылардың, дінтанушылардың, қандас ғалымдардың қатысуымен «Қазақстандағы сирек кездесетін қорлар: сақтау және бір орталықтандыру» республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізуді жоспарлап отыр.

«Конференцияда орталықтандырудың, каталогтаудың өзекті мәселелерін және Сараптамалық кеңестің негізгі функцияларын талқылау көзделген», — деп жазады вице-премьер.

Другие новости

Back to top button