ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіштің ашылуына не себепті бармағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, Алматы облысына қарасты Кеген ауылында орналасқан балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ескерткіш қойылған болатын. Іс-шараға саясаткердің балалары Құралай мен Қайрат Нұрқаділовтер қатысты.
Бірақ Мақпал Жүнісова мен қызы Мерей төбе көрсетпеді. Әншінің оқырмандары не себепті қатыспағанын сұрады.
«Мені қарғап, көргісі келмеген Зәкеңнің ұрпақтары болсын деп шештім. Кейін Мерей екеуміз барып, тағзым жасаймыз. Зәкеңнің рухына тегін концертті бағыштаймын деп отырмын», – деп жазды халық әртісі.
Еске салайық, бұған дейін 14 қаңтарда Алматы облысында саясаткер Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатылатынын жаздық. Оның құрметіне көше атауы беріліп, жетістіктері мен еңбегі еске алынды. Жиынға саясаткерлер, қайраткерлер және әртүрлі саланың өкілдері қатысып, оның Қазақстан мен Алматының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың хаттары оқылды.
Бұған дейін, Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Мақпал Жүнісова тұратын үйді «қораға» теңегенін жазған едік.