Үржардағы жантүршігерлік апат: ауруханаға түскен үш баланың екеуін санавиация Астанаға әкеледі

Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында көлік қағып кеткен балалардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір аудандық ауруханада үш бала жатыр. Біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда. Балаларға бас сүйек-ми жарақатыы, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақатты деген диагнозы қойылған.
«Екі баланы аяқ-қол сүйектерінің асқынған сынықтарына байланысты санитарлық авиациямен Астана қаласына ауыстыру жоспарланып отыр. Бір балаға жағдайының аса ауырлығына байланысты аудандық аурухана қабырғасында жедел түрде екі ота жасалды», — дейді дәрігер.
Пациенттердің біріне дәрігерлер миға күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кетуін тоқтатқан.
Бұған дейін хабарланғандай, президенттің тапсырмасымен Абай облысының Үржар ауданына жол апатынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағымен медициналық бригада ұшып барған болатын. Команда құрамында-нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар.
Естеріңізге салайық, кеше Үржар ауданының Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, бір үйдің алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға түсті.