Ұлытау облысында бюджет қаржысын ұрлаған аурухана есепшілері сотталды
Мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр

Ұлытау облысы Қаражал қаласының прокуратурасымен Жәйрем кентінің ауруханасында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы медициналық мекеменің «Б» және «T» бухгалтерлері 2021-2022 жылдары ауруханада іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға («өлі жандар» деп аталатындарға) 5,1 млн теңгені заңсыз аударған. Ары қарай жымқырылған қаражатты аталған бухгалтерлер өз пайдаларына иемденген» , — делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Аталған факт бойынша прокуратурамен Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Қаражал қалалық сотының үкімімен (заңды күшіне енді) Жәйрем кенті ауруханасының бухгалтерлері кінәлі деп танылып, оларға бас бостандығын шектеу түріндегі жазалар тағайындалды (2 жыл және 3 жыл 6 ай мерзімге)», — деді ведомтво өкілдері.
Қазіргі уақытта атқарушылық іс жүргізу қозғалып, мемлекетке келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Айта кетсек, прокуратура органдарының қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекет мүдделерін қорғау
.