ГлавноеГосорганы

«Ұлы дала жорығының» Түркістанда аяқталуының зор символдық мәні бар – Тоқаев

Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, артынша Түркістан облысы жұртшылығымен кездесті.

«Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі.Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді», — деді ол өз сөзінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары өңірде оң өзгерістің көп болғанын атап өтті.

«Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады», — деді Мемлекет басшысы.

Осылай деген Қасым-Жомар Кемелұлы елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының жақында осы өңірде аяқталатынын жеткізді.

«Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», — деді ол.

Другие новости

Back to top button