«Ұлтына қарап, алалағандай болдық»: Белгілі заңгер Париж Олимпидасының күміс жүлдегері Нариман Құрбановтың елеусіз қалғанына ренжіді
Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Ләззат Ахатова Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, гимнаст Нариман Құрбановтың елеусіз қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, спорт гимнастикасынан Қазақстан тарихындағы алғашқы медалді иеленген Нариман Құрбанов 15.433 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды.
«Медаль алмағандарға да көлік сыйлап жатқан жомарт қазақ, қоланы алтынға бергісіз етіп, қарсы алып жатқан қазақ, тіпті 9-орын алып келген спортшыға Астанадан пәтер беріп жатқан қазақ, бір Нариманға келгенде, тарылғандары қынжылтты. Сол жетістік тақиямызға тар кеп тұр ма? Айналдырған 7 медаль, өзі. Ұлтына қарап, алалағандай болдық қой, ұят болды. Атымызға, елдігімізге сын болды. Қазаққа күйеу бала болады екен, легионер емес, өзіміздің бала ғой. Туымызды арқасына жамылып, мәз боп жүрді, олимпиада төрінде. Біздің қазақта жомарт азаматтар аз емес, әлі де басқаларға көрсеткен сый-құрметті жасауға кеш емес. Ұят болмасын, ағайын», – деп жазды заңгер.
Еске салайық, Олимпиададағы тарихи медаль үшін қазақстандық гимнастың қанша сыйақы алатыны белгілі болғанын жазған едік.
Заңға сәйкес олимпиаданың күміс жүлдегеріне 150 мың доллар беріледі (71 миллион теңгеден аса). Ал алтын жүлдегерге 250 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар тағайындалады.
Айта кетейік, қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов “Париж 2024” Олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алған еді. Бірінші орынды ирландиялық Рис МакЛенаган 15,533 ұпаймен алды. Ал үшінші орында АҚШ-тан келген Стивен Недорощик 15,300 ұпаймен иеленді.