Выбор редакцииИнтервью

«Ұлттық қор – балаларға»: қаражат шотта 10 жыл сақталады

ҚР Қаржы министрлігі өкілімен сұхбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қараша күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл – Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы маңызды құжат.  Азаттық рухы тілшісі ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазиновпен тілдесті. Бағдарламаға қатысты ата-аналар тарапынан қойылып жатқан негізгі сауалдарға жауап алды.

«АТА-АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ДА БІР ҚҰЖАТ ТАПСЫРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

«Ұлттық қор – балаларға» – біздің Мемлекет басшысының жобасы. Бұл бағдарламаға қатысу үшін ата-аналарға қандай да бір құжат тапсырудың қажеті жоқ. Ешбір мемлекеттік органға жүгінудің де қажеті жоқ. Ең бастысы, балаларының дұрыс құжат алуына назар аударуы керек. Бала туған кезде берілетін құжаттың жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша барлық мәлімет автоматты түрде алынып, бала осы бағдарламаға қатыса алады», — деді  Айбол Арғынғазинов.

Бұл бағдарламаның негізгі екі мақсаты бар.

«Бірінші, тұрғын үй жағдайын жақсарту, екіншісі, оқу ақысын төлеу. Яғни, он сегіз жасқа толған бала қаражатты осы екі мақсатқа пайдалана алады. Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды. Сол оператордың арнаулы порталы болады. Оның барлығы осы бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылғаннан кейін арнайы хабарланады», — деді спикер.

«ҚАРАЖАТ ШОТТА 10 ЖЫЛ САҚТАЛАДЫ»

Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді. Ал, тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі.

«Біздің механизмдер бойынша, бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар. Кейін оны зейнетақы есепшотын пайдалануға сәйкес, әрі қарай қолдана алады немесе әрі қарай зейнеткерлікке шыққанда, пайдалана алады», — дейді ол.

«ШОТҚА АҚША ЖЫЛЫНА БІР РЕТ ТҮСІП ОТЫРАДЫ»

Парламент қабылдаған Заңға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген.

«Ұлттық қордың аудиті аяқталғаннан кейін, оның орташа инвестициялық кірісі айқындалады. Сәйкесінше, ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеткізіліп отырады. Сол арқылы жылына бір рет қаражат түсіп отырады. Он сегіз жасқа толмаған балалардың қаражаты Ұлттық қорда сақталады да, оның барлық инвестициялық операциялары іске асырылады. Сәйкесінше, егер, Ұлттық қордың табысы жоғары болып жатса, бұл қаражат та еселеніп отырады», — деп түсіндірді департамент директоры.

Ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан, болмаса, мобильді қосымшасынан ақпарат қарап отыруға болады. Содан кейін, біздің электронды Үкімет порталында баланың жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша ата-анасы қарап, тексеріп отыруына болады.

«Бұл жерде мынадай мүмкіндік болады: егер де ата-ана өзінің баласына оқуға қажет деп қаражат жинайтын болса, «Келешек» жүйесінде, мысалы, қаражат жинаса, оны бала он сегізге толған соң, Ұлттық қордың балаларға арналған қаражатымен біріктіруге болады. Қаражатты баланың оқу ақысын төлейтіндей жақсы мүмкіндіктер пайда болады. Жылдың аяғына дейін бүкіл жұмыстар аяқталады. Қазір біз барлық мәліметтер базасын тексеріп жатырмыз. Осы жылдың басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әр балаға қандай сома аударылады, осы ақпараттың барлығын халыққа хабарлайды. Содан кейін, қаңтар айында, ақпан айының басында бұл қаражатты әр баланың жеке шотына аудару бойынша жұмыс жүргізіледі», — деді Айбол Арғынғазинов.

«БАҒДАРЛАМАҒА 2024 ЖЫЛЫ 18 ЖАСҚА ТОЛАТЫН БАЛАНЫҢ БӘР ҚАТЫСАДЫ»

Бағдарламаға 18 жасқа толған баланың бәрі қатысады. Бұл ретте спикер «қандас» статусындағы азаматтарға қатысты талапты да айтты.

«Яғни, 2023 жылы 31 желтоқсанда бала он сегіз жасқа толып кетсе, онда ол бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Ал, 2024 жылдың ішінде он сегіз жасқа толатын болса, онда осы бағдарламаға қатысып, тиісті төлемін ала алады. Жылына бір рет барлық балаға бірдей сома аударылады. Қандас статусындағы азаматтарға қатысты айтатынымыз, қай кезден бастап ҚР азаматтығын алады, сол кезден бастап бағдарламаға қатыса алады. Қазіргі кезде біз баланың нақты санына инвестициялық кірісті бөлеміз. Сол кезде ғана бізде нақты сома шығады», — деді министрліктің өкілі.

Яғни, аталмыш сома әлі де өзгеруі мүмкін.

«Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты, оның ішінде, Ұлттық банктың негізгі мақсаты, Ұлттық қордың қаражатын мейлінше көбейту. Тиісінше, Ұлттық қордың активтері өскен сайын, оның табыстылығы да артады. Сәйкесінше, бұл қаражаттың өсу ықтималдылығы жоғары болады», — деп қорытындылады сөзін Айбол Арғынғазинов.

Ал егерде қандайда бір жағдаймен бала қайтыс болып кетсе, қаржы оның заңды өкіліне немесе мұрагеріне беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін – «Қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушылар»  санатына көшеді. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады.

 

Другие новости

Back to top button