Главное

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШЕШІМ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

НАУРЫЗ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Жылдық инфляция наурыз қорытындысы бойынша 10%-ке дейін жеделдеп, болжамды диапазон шегінде (10-12%) қалыптасты. Жылдық инфляцияның негізгі қозғаушы күші – қызмет көрсету секторы болып отыр. Бұл реттелетін тарифтердің бірінші тоқсанда күткеннен жоғары өсуімен және нарықтық қызметтердің қымбаттауымен байланысты. Азық-түлік инфляциясының үлесі айлық және жылдық көрсеткіштерде арта түсті.

Айлық динамикада тұрақтанудың алғашқы белгілері байқала бастады. Инфляция ақпандағы 1,5%-пен салыстырғанда наурызда 1,3%-ке дейін баяулады. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтердің бәсеңдеуіне байланысты. Базалық инфляция – 0,9%, ал маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция – 1,0% деңгейінде қалыптасып, ұқсас динамика көрсетіп отыр.

Алайда, маусымдық факторлардан түзетілген ағымдағы инфляция қаңтар-наурыз айларында (немесе 1-тоқсанда) орташа есеппен әлі де жеделдеп, бір жылға есептегенде 14,2% деңгейіне жетті. Бұған тарифтік реформалардың жалғасуы, проциклдік фискалдық ынталандыру және орнықты тұтынушылық сұраныс ықпал етті.

Наурызда қысқамерзімді инфляциялық күтулер біршама төмендегенімен, сауалнама нәтижелерінде белгісіздік деңгейі артты. Ұзақмерзімді күтулер жоғары деңгейде қалды. Кәсіби қатысушылардың инфляция бойынша күтулері 8,7%-тен 10,6%-ке дейін өсті.

СЫРТҚЫ ЖАҒДАЙ

Сыртқы жағдай әлемдік азық-түлік бағасының жоғары болуына және негізгі сауда-серіктес – Ресейдегі екі таңбалы инфляцияға байланысты проинфляциялық қалпында қалып отыр. Дамыған экономикаларда инфляция жыл басынан бері баяулап келе жатқанына қарамастан, белгісіздік күшейіп келеді. ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып, төмендету цикліндегі үзілісті ұзартты. Сонымен қатар, ФРЖ экономикалық өсу болжамын төмендетіп, инфляцияның сәл жоғары болуын күтеді. Еуропа Орталық Банкі (ЕОБ), керісінше, экономикалық белсенділікті қолдау үшін, мөлшерлемені төмендетуді жалғастырып, дезинфляциялық үдерісті тоқтата алатын тарифтік шаралар мен фискалдық шығыстардың баға қысымына әсер ететін тәуекелдерге назар аударды. Жалпы алғанда, АҚШ-тың сауда саясатына байланысты әлемдік экономикада белгісіздік пен сұраныс төмендеуі қаупі артты. Бұл мұнай бағасының күрт төмендеуіне және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюіне алып келді.

АЛДАҒЫ КЕЗЕҢ

Алдағы болжамдық кезең аясында тәуекелдердің қалыптасып жатқан балансы, соның ішінде талқыланып жатқан салық реформасының ықпалы, АҚШ тарифтік саясатының салдары және өзге де факторлар бағаланатын болады. Мөлшерлеме бойынша шешімдер келіп түсетін деректер мен инфляция перспективаларына берілетін бағаларға байланысты қабылданады.

Другие новости

Back to top button