Денсаулық

Ұлт азығы: қазақстандықтар не ішіп, не жейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегі бойынша халық денсаулығы 20% – тұқым қуалайтын кеселдерге, 20% – әлеуметтік жағдайға, 10% – денсаулық сақтау деңгейіне, 50% – әр адамның өмір сүру салтына байланысты болады. Салауатты өмір салтына өнімді еңбек, биологиялық ритм мен тәуліктік режимді сақтау,  жеке бастың тазалығы, ең бастысы – тамақтану мен қимыл-қозғалыс кіреді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстанда халықтың 34,2%-ы спортпен айналысқан, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 31,6% болған. Денсаулық сақтау министрлігі елімізде жалпы алғанда 23,2% адам салауатты өмір салтын ұстанады деп есептейді. 

Ал біздің халық не ішіп, не жейді? Әйгілі халықаралық нарықтық зерттеулер агенттігі Euromonitor International 2022 жылдың қараша айы мен 2023 жылдың наурыз айында Қазақстандағы азық-түліктің құрамын зерттеп көрді. Сарапшылар нарықта тағамдар туралы деректердің жетіспейтіндігін және қанша калория мен қант тұтынылғанын көрсететін сенімді статистика жоқтығын атап көрсетті. Олар осыны және өзге де деректерді зерттеудің құндылығы деп бағалаған.

100 г/мл-ге шаққандағы орташа қоректік құнарды анықтау үшін Euromonitor International Қазақстандағы әртүрлі бөлшек сауда нүктелеріндегі азық-түлік пен сусын өнімдерінің тағамдық құнарын зерттеді. Әртүрлі санаттағы өнімдердің жан басына шаққанда тұтынылатын мөлшерін есептеді. Зерттеу барысында тек оралған азық-түлік есепке алынғанын ескеру керек. Оған жұмыртқа, ет, балық және теңіз өнімдері, сондай-ақ жаңғақтар, бұршақ және балалар (сүттен жасалған) тағамдары кірмейді.

Euromonitor мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлығы 764 миллион литрден астам алкогольді және 3 миллиард литрден астам алкогольсіз сусындар, 2,9 миллион тонна әртүрлі оралған азық-түлік өнімдері, 3,2 миллион тоннаға жуық жаңа піскен көкөністер мен жемістер (оның ішінде 2,2 млн тонна картоп) сатылған.

Коронавирус пандемиясынан соң белең алған денсаулықты күту үрдісі қазақстандықтарды жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтынуға үйреткен. Бұл санаттағы тағамдарды сатып алу көрсеткіші күрт өсіп, өткен жылмен салыстырғанда көкөністерді сату 11%-ға, жемістерді сату 7,5%-ға артқан. 2022 жылы ең өтімді жеміс-жидектер «бестігіне» мыналар кірді:

— алма – 85,6 мың. тонна;

— банан – 32 мың. тонна;

— алмұрт пен айва – 30 мың. тонна;

— мүкжидек, көкжидек, қаражидек – 28 мың. тонна;

— апельсин мен мандарин – 23,4 мың. тонна.

Осы кезде қазақстандықтар тамырлы көкөністерден көбіне мыналарды сатып алған:

— картоп – 2,2 млн тонна

— қызанақ– 100 мың. тонна;

— пияз – 74 мың. тонна

Салыстырып қарасақ, гүлді қырыққабат пен брокколи тек 1,2 мың тонна ғана сатылыпты. Нутрициологтар дұрыс тамақтану үшін керек деп санайтын бұл көкөністердің бағасы картоптың бағасынан 10 есе қымбат.  Мұндайда микроэлементтер мен витаминдерге бай спаржа, батат, сельдерейдің бағасы жайлы не айтуға болады? Орташа табыс табатын қазақстандықтарға пайдалы көкөністердің арзандауын, яғни кабачки, асқабақ, қызылша, сәбіз, кәдімгі қырыққабат  таңдауға тура келеді. Алайда, 2022 жылы және осы жылдың қаңтар мен наурыз айы аралығында басқа да тамырлы көкөністердің сатылымы 542,5 мың тонна болған, бұл картоп сатылымынан 4 есе аз.

Euromonitor сарапшылары пандемия кезінде денсаулығы мен иммундық жүйесіне алаңдаған көпшілік қантты тұтынуды азайтқысы келгенін анықтаған. Алайда, әлеуметтік шектеулер алынып тасталған соң, пандемия кезінде сақталған диеталық тәртіптер бұзылған. Ұн және кондитерлік өнімдер жан басына шаққанда бір күнде тұтынатын калория мен қант мөлшері бойынша әлі де алда келеді. «Азық-түлік  пен сусындарды таңдауда ең басты фактор тағамның дәміне тірелетіндіктен, кондитерлік өнімдер, күлше, тәтті тоқаш, ұннан жасалған тағамдар әлі де алда келеді», – дейді сарапшылар.

Euromonitor сарапшылары қант, бал және тәтті сусындардың әлі де көп сатылатынын болжайды. Бұлар қасықпен жеу үшін ғана емес, үйде пісіретін түрлі дәмдерге, тосап, түрлі сусындар дайындауға аса қажет.

Құрамында қанты бар ең көп тұтынылатын үшінші ірі азық-түлік санаты –алкогольсіз сусындар. Олардың ішінде кола сияқты құрамында қант бар сусындар бірінші орында (барлық алкогольсіз сусындар сатылымының 26%), ал газдалған қант бар сусындардың басқа түрлері екінші орында (18%). Алкогольсіз сусындар нарығының 10%-ын ішуге дайын шай, бөтелкедегі су 22%-ын құрайды.

Сарапшылар қазақстандықтар қантты ұнататындықтан, тәтті қосылған сусындардың әлі де танымал емес екенін атап өтті. Дегенмен, бұл санатта «салауатты өмір салты» тенденциялары да байқалады. Мысалы, адамдар хош иістендірілген бөтелкедегі суды (бұл әлі де сусындардың аз ғана сегменті, бірақ сатылымы ең көп өсті), ішуге дайын шай мен 100% шырындарды (шырындарда қант мөлшері жоғары болса да) көбірек ұната бастады. Олар қант қосылған табиғи жеміс шырынын артық көреді.

 

Сарапшылар бірнеше жылдың бедерінде қазақстандықтар үшін қант аз қосылған сусындар мен шырындардың маңызы артатынына сенімді. Қазақстанда күні бойы, көбіне тәтті-мәтті қойып, қант қосылған шәй ішу әдеті кең тараған. Ол қант пен қант қосылған тағамдардың көп сатылуына ықпал етеді. Дегенмен, тұтынушылардың денсаулық сақтауға жіті назар аударуы өзге де денсаулыққа пайдалы тағамдар мен сусындарға сұранысты арттырады деп болжайды сарапшылар.

Алкогольді сусындардың ішінде сатылымның 84%-ы сыраға, 10%-ы шарапқа, 5%-ы араққа, ал қалған шағын үлесі дайын коктейльдер, ликерлер мен күшті алкогольге тиесілі. Бір қызығы, Euromonitor мәліметі бойынша, 2022 жылы алкогольді сату өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға, яғни шамамен 32 миллион литрге азайған.

Сонымен қатар, агенттік сарапшылары Қазақстан үкіметінің семіздік мәселесіне қатты көңіл бөлуінен нәтиже шықты дейді. ДДҰ-ның  мәліметіне сәйкес, 2016 жылы осы мәселеге тап болған адамдар саны 33% ды құраса,  2022 жылы 24% ға дейін азайыпты. Оған тек салауатты өмір салтын қалыптастыру үрдісі ғана емес, тамақтану стандарттарын енгізу де едәуір ықпал етті.

2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлімге жиі душар ететін сырқаттарға қан айналым жүйесі аурулары, тыныс алу жүйесінің ісіктері мен аурулары, уланулар, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің аурулары кірді. Бір қызығы, қант диабеті бұл қатарға кірмеген. Қант диабетіне қарсы қабылданған ұлттық бағдарлама мен түрлі науқандар халық арасында қант диабеті туралы мәліметтің көп таралуына жол ашып, осы сырқаттан көз жұматындар санын азайтты. Кейінгі жылдары қант диабетіне шалдыққандар саны азайып келеді. Халықаралық Диабет Федерациясынының  мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 20-79 жас аралығындағы адамдар арасында қант диабетінің таралуы 2016 жылы 6,7%-ға, 2021 жылы 6,3%-ға төмендеген.

Бұған қоса, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2021-2025 жылдарға арнап «Дені сау ұлт» жобасын жасады.  Онда бірқатар мақсаттар қойылған:

— салауатты өмір салтын қалыптастыру ;

— медициналық қызметтердің сапасын арттыру;

— ғылыми медицина мен кадрлық әлеуетті дамыту

— денсаулық сақтауда біріңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру.

Ол жүзеге асқан соң елдегі азаматтардың өмір сүру сапасы артып, орташа жас 75-ке жетеді деген үміт бар.

 

 

Другие новости

Back to top button