Культура

“Үлкен қызы бізбен араласпайды”: Сейфуллин Жолбарыстың әйелі отбасындағы құпиямен бөлісті

Әнші Сейфуллин Жолбарыс 2011 жылы өзінен 14 жас кіші Екатерина есімді сұлуға үйленгені белгілі. Ұзақ уақыт бойы өнер жұлдызы жас әйелін жұртшылықтан жасырып, оны тек 2017 жылы көрсеткен. Қазір ерлі-зайыпты қос бірдей қыздарын тәрбиелеп отыр. Сейфуллиннің жары отбасының айрандай ұйып отыруы әйелдің қолында екенін айтады. Орыс қызы қазақ әулетіне тез үйреніп, салт-дәстүрді қаншалықты оңай меңгере алды? Әншімен қарым-қатынасына басқалардың көзқарасы қандай болды? Осы сынды сансыз сұрақтың жауабын білу үшін Stan.kz тілшісі Екатерина Жолбарыстан сұхбаттасып көрді. 

– Енеңіздің қолында тұрасыз. Сәлем салып, орамал тағасыз ба?

– Менің келін болып түскеніме 15 жыл болды. Алғашқы жылдарда сәлем салып, халат киіп, орамал тағатынмын. Екі-үш жыл қызмет еткен соң, атам марқұм өзі «балам, болды, бізді онсыз да сыйлап жүрсің» деп батасын берді. Атамыз 2011 жылы өмірден озды. Содан бері апамыз қолымызда.

– Сіз үшін ене мен келіннің сыйластығының формуласы қандай?

– Керемет келінмін деп айта алмаймын. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Біз де бәрімен бірдейміз. Бірақ шаңырақта ешқашан сыйластық ұмытылмауы керек. Өйткені біріншіден, енең – сенің жолдасыңды дүниеге әкелген адам. Екіншіден, ол кісінің жасы үлкен. Біздің анамыз 1932 жылы дүниеге келген. Ол кісі ғасыр бұрын өмірден көретінін көріп тастаған. Сондықтан көзқарасы да, ұстанған салты да өз заманына сай. Оған түсіністікпен, сыйластықпен қарауға тырысамын. Менің ойымша, ене мен келіннің тату-тәтті өмір сүргені, сыйласып бір шаңырақ астында тұрғаны  – күйеуінің бақыты. Жұбайың жадырап жүрсін десең, енеңнің жағдайын жаса, көңілін тап, айтқанын істе!

 Қазақ тілін қай кезден бері білесіз? 

– Қазақ тілін 1-сыныптан бастап үйрене бастадым. Ата-анам қазақ мектепке берді. Оған дейін қазақша мүлде білмейтінмін. 3-сыныпқа дейін тіл үйренуде қиындықтар көп болды. Ұстаздарымның арқасында 3-сыныптан бастап еркін сөйлей бастадым. Үздік оқыдым. Абай оқуларына, партиялардың съездеріне, олимпиадаларға қатысып, белсенді болдым.

 Қазақ мектепте оқуыңызға географиялық қиындықтар себеп болды ма? Әлде ата-анаңыздың принципі солай болды ма?

– Мен Алматыда дүниеге келгенмін. Ата-анам мақта фабрикасында еңбек етті. Үш жасымда әкем аңшылық пен балықшылыққа қызыққандықтан, қазақтар шоғырланған ауылға көшкен. Алғашында қаланың тіршілігінен демалуға 2-3 жылға ғана көшкенімен, ауыл ұнағандықтан 13 жылға тұрақтап қалған. Сол себепті мектеп таңдайтын мүмкіндігім болмады. Алайда оны өзімнің бағым деп есептеймін. Қазақ тілін білгенім өмірде үлкен белестерді бағындыруға жол ашты. Қазір көпке сыйлы кісінің жары болып отырмын.

 Көпшілік жарыңызбен жас айырмашылығын, ұлттың өзгелігін сынап жатады. Хейтпен қалай күресесіз? 

–  Мән бермеймін, болды! Моральдық тұрғыда сынбаймын. Бастапқы кезде көңіліме алып қалатынмын. Жүре келе мұндай негативке қарсы иммунитет қалыптасты. Өзім бақыттымын. Сондықтан өзгелердің сөзіне мән бермеймін.

 Әйел бақыты неде?    

– Мен үшін әйел затының екі қыры бар. Бір жағынан, әйел аялау үшін, өте нәзік жаралған. Екінші қырынан, әйел – жауға шабарлық күші бар ержүрек тұлға. Шаңырақтың ішіндегі де, сыртындағы да ауыртпалықтың бәрі әйелдің мойнында. Сол себепті біз барлығына төзе білуіміз керек. Әйелдің бақытының сыры – осы екеуін тепе-теңдікте ұстай алуында. Бар міндетті атқара жүріп, өз денсаулығыңа нұқсан келтірмей, физикалық жағынан болсын, моральдық жағынан болсын күтіне білу де маңызды. Кейбір нәзікжандылар отбасының ұйытқысы болып отырып, карьерасын да жасайды. Мен үшін ол – үлкен құпия! Себебі қазір ән айтып жүргеніммен, өзімді үйдің әйелімін деп есептеймін.

– Білуімізше, Сейфуллин Жолбарыстың алдыңғы некесіндегі балаларымен жақсы араласасыздар. Олармен тіл табысу қаншалықты қиынға соқты?

– Жарым сұхбаттарында «жақсы араласамыз» деп айтады ғой. Дегенмен үлкен қызы бізбен араласпайды. Өзінің қалауы солай болды. Мүмкін анасымен ажырасып кеткендіктен, өкпесі бар шығар. Оны да түсінуге болады. Ал ұлымен сыйластығымыз өте керемет. Ол кішкентайынан біздің үйде тұрып та көрді. Менің қолымнан ас-су ішіп жүр. Бейбарыстың өзі сондай жұмсақ, ашық мінезді, жарқын бала. Мен оған барынша жан жылуымды беруге тырыстым. Анасы мен әкесінің некесі сәтсіз болғандықтан, жүрегінде қаяу қалмасын деп, көңіл бөлуге тырыстым. Қандай көмегім керек, соның бәріне жәрдемдестім. Қолымнан келгенімді бердім.

 

Другие новости

Back to top button