Главное

Үкімет қосылған құн салығымен қатар зейнетақы, жәрдемақы және жалақыны да көбейтеміз дейді

Қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көтеруді көздейтін жаңа Салық кодексі келесі жылдан бастап күшіне енеді. Осыған байланысты Үкімет қосымша инфляцияны ескеріп, әлеуметтік төлемдер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға индексациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын әлеуметтік-экономикалық болжам аясында әлеуметтік төлемдер мен жалақы 7 пайызға индексацияланады. Ал келесі жылы жаңа Салық кодексі күшіне еніп, қосымша инфляция 2,5-3 пайызға жетеді. Осыған байланысты Үкімет 2026 жылдың басында қосымша инфляцияны ескеріп, қазақстандықтардың жалақысы мен жәрдемақыларды жалпы 10 пайызға көтермек.

«Келесі жылға әлеуметтік-экономикалық болжам жасаймыз, сол кезде 7 пайызға индексация жүргіземіз. Енді оған қосылған құн салығынан болатын инфляцияның 3 пайызын қосамыз. Осылайша жылдың басында жәрдемақы, зейнетақы және жалақыны 10 пайызға индексациялаймыз. Алдағы жылға бюджетті бекіткенде, осы есептеулердің бәріне ішіне кіргіземіз», — деді Азамат Әмрин Мәжіліс кулуарында.

Ол бюджеттен жалақы алатын барлық қызметкердің жалақысы өсетінін атап өтті. Яғни дәрігерлер, мұғалімдер және тағы басқалары.

Ал жекеменшік компанияларда істейтін қызметкерлердің жалақысы өсіп-өспейтіні жұмыс берушіге байланысты болады.

«Сіздер білесіздер ғой, бюджеттік қызметкерлердің жалақысы өссе, бизнес автоматты түрде өз қызметкерлерінің айлығын көтереді. Әдетте, практика бойынша солай істейді. Бұл бизнес, біз кәсіпкерлік қызметке араласа алмаймыз. Жай ғана кеңес беріп, ұсыныс тастауымыз мүмкін, бірақ кәсіпкерлерді жалақыны көтеруге міндеттей алмаймыз», — деп түсіндірді вице-министр.

Другие новости

Back to top button