Госорганы

Үкімет Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекітті

 Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады. Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген институт құру туралы қаулыны бекітті.

Ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейтін болады. Сондай-ақ, Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ететін болады.

Институт Каспий теңізінің экожүйесі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат береді. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болады. Ғылыми ұйым құру сонымен қатар Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

«Осыған дейін Мемлекет басшысы теңізді сақтау мақсатында Каспийді зерттеумен айналысатын ғылыми институт құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мұндай ұйымдар Каспий маңындағы басқа елдерде де бар. Институтты құру бар проблемаларды кешенді түрде зерттеуге, ауқымды міндеттерді шешуге, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді», — деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Другие новости

Back to top button