Атырауская область

«Ұйқы безі мен көкбауырын езіп жіберген»: Атырау облысында жақындары босану кезінде көз жұмған әйелдің өліміне дәрігерлерді айыптады

4 баланың анасы Гүлдана Хинатулла Атыраудағы ауруханада көз жұмған. Жақындары қайғылы жағдайға бір емес, бірнеше ақ халатты кінәлі дейді. Сөздерінше, дәрігерлер марқұмның қабырғасын сындырып, көкбауыры мен ұйқы безін жарып жіберген. Енді туыстары кінәлілер жазасыз қала ма деп қорқады. Ал 9 айлық бөбек ана сүтін ембеген, қазір оны нағашы әжесі қарап отыр, деп хабарлайды  Astana арнасы. 

Жақындарының айтуынша, айы-күні жеткен келіншектің соңғы тапсырған ПТР сынамасы оң нәтиже берген. Осыны желеу еткен дәрігерлер толғағы басталғанда марқұмды модульді ауруханаға жатқызыпты.

“Емханаға бардым, бәрінен білдім,ешқандай ауру жоқ. Дені сау, сараптамалары бәрі таза. Тек дәрігердің қателіктері қараусыз қалған. Қызымнің үстінен басып, көкбауыры мен ұйқы безін жарып жіберіп, ққабырғасын сындырған. Мынау масқара ғой. Адам өлтіріп отыр ғой дәрігерлер”, – дейді марқұмның анасы Светлана Сарыөзенова.

Гүлдана Хинатулланың жолдасы тергеу кезінде 5 дәрігер күдікке ілінгенін айтты. Бірақ олар жазадан сытылып кеткен көрінеді.

“Басында тергеу жүреді, бәріне айып тағады. Одан кейін прокуратураға жібереді. Кейін өзгелерден айыпты алып тастап, бір адам ғана қалды. Сонда қалғандары қайда? Босандырып жатқан 4 акушер қайда? Қалай босандырып жатқанын көрсеңіз”, – дейді марқұмның жолдасы Самалбек Бегалиев.

Полиция бұл іске қатысты күдікті бір ғана дәрігер екенін растады. Олар тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдаған.

“Аталған факт бойынша қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 317 бабы 3-бөлімімен тергелген, яғни адам өліміне әкеп соқтырған медицина қызмектерлерінің кәсіби қызметін тиісінше орындамау фактісі бойынша тергеу амалдары аяқталып, сотқа жолданды. Модульдік аурухананың инфекционист дәрігері күдікті деп танылды”, – деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Оқиғаның жай-жапсарын аймақтың денсаулық сақтау басқармасынің өкілдері айтып берген.

“Босанған соң, түнде оның жағдайы нашарлап, кезекші дәрігер әйелді тексеріп, қажетті ем тағайындады. Бірақ жағдайы жақсармады, таңертең кезекші реаниматолог пен гинеколог оны тексеріп, әйелді жансақтау бөліміне ауыстырды. Пациентте ішкі қан кету күдігі болды, акушер-гинеколог, хирургтер бригадасы қосымша шақырылып, операцияға алынды. Операция кезінде «іш қуысының жабық жарақаты, ұйқы безінің зақымдалуы» диагнозы қойылып, емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетілді. Бірақ науқастың жағдайы жақсармай, қайтадан ота жасалды. Бірақ 2022 жылдың 18 қаңтарында ол қайтыс болды”, – делінген Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Дегенмен 4 ұлына бас-көз болып қалған жалғызбасты әке кінәлілер толық жазаланбайынша, тоқтамауға бел буып отыр.

 

Другие новости

Back to top button