Актюбинская область

«Үйленгіміз келеді»: Ақтөбеде анасын өлтірген қыз бен оның жігітіне сот үкімі шықты

16 жастағы қыз  9 жылға, ал оның жігіт 15 жылға бас бостандығынан айырылды

Ақтөбеде 16 жастағы мектеп оқушысы мен оның 18 жастағы жігіті арасындағы махаббат хикаясының соңы кісі өлтірумен және ұзақ жыл түрмеге қамалумен аяқталды. 8 тамызда Ақтөбенің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты қызды анасын өлтіргені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ал қылмыс кезінде қыздың сыбайласы атанған жігіт 15 жылға жазаға кесілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Сүйіктімнің анасын өлтіреміз деген ойымыз болған жоқ еді. Мен қарапайым ғана жігітпін, қызыммен бақытты өмір сүруді армандадым. Өзім Көкшетауданмын, 11-сыныпты үздік бітірдім. Ата-анам өте тату болды, мен де отбасым осындай болса дейтінмін. Анам өмірден өткенде қатты қайғырдым, бірақ ол маған жақсылықтан үміт ете білуді үйретті. Қазір мені әкем, ағам және қызым жақсы көреді. Біз шындығында, қауіпті қылмыскерлер емеспіз, өмірдің дәмін әлі татып үлгермеген жаспыз. Соттан бізді ұзақ жылға ажыратпауды сұраймын. Мен ол қайғылы жайттың ауырлығын сезінемін және сот қандай шешім қабылдаса да, қызыма үйленгім келеді. Осыған көмектессеңіз деген өтінішім бар», — деді жас жігіт сотқа өтініш жасап.

Сот үкімінен белгілі болғандай, 18 жастағы жасөспірім өзінің құрбысының пәтерінде анасымен жанжалдасып қалған. Әйелдің қолында пышақ болған, төбелес кезінде жас жігіт оны қолынан ұстап тұрып, пышақты бұрап, кеуде тұсынан ұрған. Мұнымен тоқтап қалмай, әйелді буындырып, еденге құлатқан. Оған көмектесуге асыққан қыз анасының қолындағы пышақты жұлып алып, кеудесінен бірнеше рет ұрған. Әйелдің мәйіті балконда 5 күнге жуық жатқан, ал қызы мен жігіт мәйіттің иісі шықпас үшін оған сірке суы мен сода сепкен. Олар бұлай істеуді Интернеттен қараған.

Сот отырысында кісі өлтірді деп айыпталған қыз анасымен қиын қарым-қатынаста болғанын, бірақ оны өлтіру ниеті болмағанын айтты.

«Анам мені кішкентай кезімнен ұрып-соғып өсірді. Тіпті соққыдан тұра алмай қалатын кездерім болған. Жастықпен де тұншықтырды. 7 жасымда ол пышақ ұстап, «бірге өлеміз» деп қорқытқан еді. Ол қаншама рет асылып өлгісі келді, бірақ әрдайым құтқарып қалатынмын. Ол мені жек көретін, тіпті балалар үйіне де апарғанын, түсік жасатқысы келгенін де айтатын. Мен анаммен бақытты өмір сүргім келетін, бірақ ол мені үнемі қарғап-сілеп, ешкіммен дос болу ға да рұқсат бермейтін, ешбір досымның болмауы да содан еді», — деді қыз сотта сөйлеген сөзінде.

 

Другие новости

Back to top button