Үйге қайту үшін қағаздарға қол қоя бердім – Шерзат сотында куәгер әйел тура сұрақтан тағы жалтарды

Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты. Бұл жолы да Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен бірге «Қамажай» дүкенінің алдына келген. Қазір ол іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КУӘГЕР НЕ ДЕЙДІ
Адвокат Мейірман Шекеев бүгінгі сотта Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында қазақ тілінде жауап бергенін, бірақ сотқа келіп, орыс тілінде жауап беріп жатқанына назар аударды. Тергеу мен соттағы жауабы неге екі түрлі шыққанын куәгердің өзінен сұрады.
Сіз 5 қазан күні берген жауабыңызда Абзалдың қай жерге пышақ сұққанын дәлме-дәл айтып бердіңіз. Сізге ол қайдан белгілі? Мен сот материалдарын зерттеген кезде қарашаның 11-де ғана сараптама шыққан. Сол кезде ғана біз білдік. Сұрағымды нақтылап жатырмын. Сіз “көрген жоқпын, білген жоқпын” деп айтасыз, бірақ Шерзаттың денесіне пышақ солай тығылғанын – солай болғанын біреу сізге айтты ма, әлде өзіңіз солай жауап бердіңіз бе? 5 қазанда сіз дәл айттыңыз, – деп сұрады адвокат.
Бұл сұраққа жауап берген Нұрбекова ұсталып, екі күн бойы тергеушілерге жауап бергенін айтты.
Бізді ұстаған кезде екі күн бойы ұйқысыз өткіздік. Тамақ іше алмадық. Ішкі істер бөлімінде бізден 100-ге тарта адам бізден жауап алды. Мен сол кезде тіпті олар не сұрағанын да білмеймін. Орыс тілінде жауап бердім. Олар қазақша қалай аударып отырғанына назар аудармадым. Үйге қайту үшін алдыма келген қағазға қол қоя бердім, – деді Эльмира Нұрбекова.
Нұрбекованың қорғаушы өкілі адвокат Шекеевтің сұрауына жауап ретінде “біз тергеу кезінде Нұрбекованың “жүрек тұсына пышақ сұғылғанын көрдім” деген жауабы еш жерде жазылмаған” деп айтты.
Сот барысында Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында беттестіру кезінде берген видео-жауабы көрсетілді. Ол видеода Нұрбекованың қазақ және орыс тілінде аралас жауап беріп отырғанын көруге болады. Ал сотта Нұрбекова тек орыс тілінде жауап беруде.
Эльмира Нұрбекова өткен аптада да сот кезінде тергеуде берген жауабынан бөлек шатаса жауап берген еді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.
