«Үйдің үлкені пешке бөтелке салғамын дейді»: Ақсақалов Жітіқарадағы 5 баланың өліміне не себеп болғанын болжады
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқарадағы 5 баланың неден қаза болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазан айында өте қайғылы жағдай болды. Өрт болып, салдарынан 5 бала қаза тапты. Бұл оқиға БАҚ беттерінде бірнеше рет жарияланды. Балалар түнде қараусыз қалған. Үйдің үлкені таңғы 4-те оянып, пеш жақпақ болған. Ол пешке ағашпен қосып, тағы бірдеңе салған. Өзі бөтелке салғанын айтады. Кейін пеш жарылып, бала далаға қашып шыққан. Осы аралықта өрт болған», — деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір әкімі оқиға болған күні Жітіқараға барып, көз жұмған балалардың жақындарымен кездескен. Кейін қайғы жұтқан отбасыға екі бөлмелі пәтер берілген. Ақсақаловтың айтуынша, үйдегі дабыл құрылғысы өшіп тұрған.
«Тұрғындарға айтарым, пештің жағдайын тексеріп отыру керек. Мұржаны тазалап, дабыл құрылғысының жұмыс істеп тұрғанын тексеріңіз», – дейді әкім.
Еске салсақ, Жітіқарада 11 қазан күні ересектердің қарауынсыз қалған 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған бала өрттен қаза тапқан еді. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман қалған.