Госорганы

Уақтылы егін жинау, құрылыс маусымын тиімді жүргізу – Экономика министрі әкімдіктерге кеңес берді

 ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қандай шаралар жасау керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірнеше шараға назар аудару ұсынылады», — деді ҰЭМ басшысы бүгінгі Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету қажет.

Сонымен бірге, белсенді түрде инвестициялар тарту, инвестициялық жобалардың экономикалық тұрғыда тиімділігін арттыру маңызды.

«Отандық экспортты жеткізудің үздіксіздігін қамтамасыз ету және тасымалдау мен логистикадағы мәселелерді шешуге жәрдемдесу керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын бақылау және тиісті тұрақтандыру шараларын қабылдау қажет. Тұрақты және уақытша жұмыспен қамту шараларын қолдау арқылы еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз еткен жөн», — деді Әлібек Қуантыров.

Бұған дейін министр Қазақстанның 15 аймағында өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері артқанын баяндаған еді.

Сондай-ақ, биылғы жартыжылдық қортындысы бойынша, Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5% құрады.

Другие новости

Back to top button