Жамбылская область

«Түрмені көшірсін»: Тараз тұрғындары колониялардың кесірінен ғаламторға жете алмай отыр

Бейресми есеппен 100 мыңға жуық тұрғын байланыстан ажыраған

Тараздағы түрмелерге қойылған байланысты тығындайтын қондырғының кесірінен тұрғындардың да телефоны істемей қалды. Мобильді интернет өшіп, жұрт бірнеше күн бойы ғаламторды пайдалана алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Байланыстың болмауы әсіресе оқушыларға қиын. Олар үй тапсырмасын орындай алмай әуре болған. Көпке кесірі тиетін колонияларды тұрғындар қала сыртына көшіруді талап етуде. Бұл 158-7 ерекше режимдегі колния. Дәл осы маңда шоғырланған тұрғындар бірнеше күннен бері қиналдық дейді. Яғни телефон байланысы жоқ, WhatsApp, Фейсбук, Инстаграм әлеужелілерден ажырап қалған.

Бұқара оған түрме басшылығын айыптайды. Олар төрт күн бұрын телефон байланысын бұғаттаушы қондырғы орнатқан дейді. Сол күннен бері бұқара телефонды тек сағат пен калькулятор есебінде қолданамыз дейді. Өйткені ол желіге де қосылмай түкке жарамсыз болып қалған. Түрмедегілердің байланысты да тұтқындауы жұртышылықтың ашуын туғызды.

 «Ылғи өшіріп тастайды. Екі-үш күндеп. Осы жолы ұзақ болды. Ешқандай байланыс жоқ. Мейрам күндері болады ғой, сол кезде ылғи өшіріп тастайды. Басқа көшеде тартады, осы екі көше ұстамайды», — дейді тұрғындардың бірі Әбиірбек Жайнабеков.

Байланыстың азабын көргендердің бірі — Рымкүл Күзебекова. Зейнеткер немерем сабақта төмен баға ала ма деп уайымдайды. Өйткені бесінші сынып оқушысы интернеттің болмауынан үй тапсырмасын орындай алмаған.

 «Телефонмен сөйлесе алмай қалдық. Балалар интернет қолдана алмай қалды. Мына жаққа бірдеме қойған дейді. Біз оны түсініп жатқанымыз жоқ. Көрші түрме бастығымен сөйлескен екен. Тығындағыш қойдық депті ғой. Оны қойса, өз жағына қойсын, бізде несі бар?! Біз де тірлік жасаумыз керек. Балалар оқиды, интернет пайдаланады», — дейді Рымкүл Күзебекова.

Қаланың үш ауданында дәл осындай жағдай. Бейресми есеппен 100 мыңға жуық тұрғын байланыстан ажыраған. Олардың бәрі жедел жәрдем мен такси де шақыра алмай әуре болған.

 «Тығындағыш қосқан, бірақ өздерінде байланыс бар. Түрменің есігінің алдында ұстап тұр, сол жерден сөйлестік. Ал бізде, қарапайым халықта желі жоқ. Тіпті ешкімге телефон соға алмаймыз. Түрмені көшірсін немесе басқа жағдай жасап берсін», — дейді тағы бір тұрғын Ақбота Шінәлі.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті еліміздің барлық түзеу мекемелерінде осындай қондырғы орнатыла бастады дейді. Тараздағы бес түрме де осы тізімге кірген. Ал кедергілердің туындауына колонияның қала ішінде орналасуы себеп дейді. Яғни аппараттың жұмыс істеу қуаты мекеме аумағынан асып кеткен.

 «Құрылғылар толық қабылданып біткен жоқ. Ертең арнайы мамандар келіп, барлық  ұялы байланыс мамандарымен бірлесіп сыртқа шығып жатқан диапазонды қысқартып, ішке тартамыз. Ол жұмыс жүргізіледі. Бұның бәрі қазіргі заманауи аппараттар. Бәрі баптауға келтіріледі», — деді Жамбыл облысы ҚАЖД бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев.

Департамент басшылығы жағдайды толық реттеуге бір апта уақыт жетеді деп отыр. Ал тұрғындар мұндай жағдайдың бұған дейін де жиі болғанын айтады. Сондықтан ең дұрысы, бес түрмені де қала сыртына көшіру керек дейді.

 

Другие новости

Back to top button