Выбор редакцииИнтервью

Түрлі стресстік жағдайларға байланысты ер адамдар арасында белсіздік белең алып жатыр

Олардың арасында жастар да, егде жастағылар да, орта буын да көп

Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда бедеулікке шалдыққан жұптардың саны 20 мыңға жеткен. Оның он екі мыңы консерватив және операциялық емге зәру. Ал 8 мыңы экстракорпоралды ұрықтандыруға мұқтаж. Статистикалық деректерге сүйенсек, ұрпақ сүйе алмау 50% ерлерге, 50% әйелдерге байланысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

№2 Астана қалалық ауруханасының Урология бөлімшесінің уролог-андрологы Ерқанат Бекмұратовтың айтуынша, қазіргі таңда ерлер арасында белсіздік белең алып тұр. Жағдайды ерлердің сауатсыздығы ушықтырып тұр. Көп жағдайда ерлер ұрпақ сүйе алмауын әйелінен көріп, өз денсаулығынан кінәрат көрмейді. Өйткені, көп ер адамдар әйелімен жыныстық қарым-қатынасы тұрақты болғандықтан, өзін сау санайды. Ер азаматтың 12 мүшесі сау болғанымен, ұрықтың сапасы төмен болуы салдарынан ұрпақ сүйе алмауы мүмкін. Уролог-андролог маман қазіргі таңда ұрпақ сүйе алмауда ерлер мен әйелдердің үлес-салмағы бірдей екенін айтты.

— Ерқанат Сейітұлы, жалпақ тілмен айтқанда, белсіздік деген не? Оған не себеп болады?

— Белсіздікті біз ғылыми тілмен айтқанда эрекцияның бөлінбеуін айтамыз. Жалпақ тілмен айтсақ, ұрықтың бөлінбеуі ерлер белсіздігі деп аталады.  Егер ерлі-зайыптылар бір жыл бойы сақтанбай, сәби сүймесе, бұл олардың белсіздік пен бедеулікке күмәндәніп, тексерілуіне себеп болады. Белсіздіктің 3 түрі бар. Оның біріншісі психологиялық жағдайға байланысты пайда болатын белсіздік. Өмірдегі әртүрлі стресстік жағдайларға байланысты ер адамдарда пайда болады. Қазір ең көп кездесетін белсіздіктің осы түрі. Бұл бүгінгі өмір салтымызға байланысты көбейіп отыр. Қазір көбіміз офисте жұмыс жасаймыз. Артық қимыл-қозғалыс жоқ. Салауатты өмір салтын ұстанбаймыз. Алдыма келген науқастардан өмір салты туралы сұрағанымда, олардың дұрыс ұйқы режимін сақтамайтынын байқадым. Олар түнімен компьютерлік ойын ойнайды. Дұрыс ұйықтамайды. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, дұрыс тамақтанбайды. Әсіресе, әртүрлі энергетикалық сусындар жыныстық мүшенің белсенділігін төмендетеді. Үшіншіден, физикалық белсенділіктің төмендігі. Жұмысқа көлікпен барады, жаяу өте аз жүреді. Спортпен шұғылданбайды. Төртіншіден, қазіргі бізді қоршаған әлем, режим стреске толы. Ер азаматтар отбасын асырау үшін бір емес, бірнеше жерде жұмыс істейді. Осының барлығы қосылып, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Белсіздіктің екінші түрі органикалық деп аталады. Ол жыныс мүшелерінің патологиялық ауруына байланысты. Ол көп жағдайда туа бітті пайда болады. Емделуге ең қиыны осы түрі. Жыныс мүшесінің қан тамырларының патологиясына байланысты пайда болады. Тағы да бір үлкен фактор – ерлердің белсіздігі қоғамда талқыланбайтын, табу тақырыптардың бірі. Мәселе бар, сондықтан ол талқылануы керек. Ер-азаматтырымыз сауаттылығын арттыруы керек. Неге екені белгісіз, көп ер азаматтар кінәні өзінен емес, әйелінен іздейді. Бір бала туып бере алмады деп әйелді кінәлайды. Алайда әйелдің бала көтермеуінің себебі еркекке де байланысты болуы мүмкін екенін көбісі ескермейді. Қоғамда бала болмаса, тек әйел кінәлі деген стеротип қалыптасқан.

— Ерлер арасындағы белсіздік ауруларының қандай түрлері бар? 

— Жас күнінде сақтанбаған жыныстық қатынасқа түсіп, соңы бедеулікке алып келетін жағдай жиі кездеседі. Осының кесірінен орхит, простатит, уретрит, везикулит, эпидидимит деген ауруларға шалдығуы мүмкін. Осының ішінде простатит ұрықтануға кері әсерін тигізіп жатады. Өйткені ұрықтандыру қуық асты безі арқылы өтетін процесс. Осы қуық асты безінен бөлінген сөл ұрықты зиянды заттардан қорғайды. Ал простатит болған кезде сөл бөлінбейді. Салдарынан ұрыққа зиянды заттар өз әсерін тигізіп, ұрықтың сапасы төмендейді. Әйелдің жатыры қышқыл орта болғандықтан, ұрық сол ортада қалыптасып кетуі үшін оның сапасы жоғары болуы керек. Жатырға түскен ұрық сапасыз болса, жойылып кетеді.

— Қазіргі таңда ерлер арасында белсіздік белең алып тұр деп айтып жатады. Дабыл қағуға негіз бар ма?

— Ол рас, мұндай статистика бар. Мәселен, бұрын белсіздіктің ең ауыр түрі – азоспермиямен күніне бір науқас қана келсе, қазір 25 науқасқа дейін қабылдаймыз. Оның ішінде қайсысы көбейіп жатыр дейтін болсақ, ол – психологиялық жағынан болатын белсіздік. Оған айтып өткенімдей, өмір салты – себеп. Тағы да бір басты фактор – сауатсыздық. Ер адамдарды урологтың алдына алып келу өте қиын. Көбісі, еркектік намысы жібермеген соң урологтың алдына келмейді. Денсаулық әр адамға керек. Сол үшін ер азаматтарға урологқа уақытылы қаралып тұруға кеңес берем. Мәселен, менің бір емделушім болды. Әйелі бірнеше жыл бойы бала көтере алмай тексерілген. Ал күйеуі жыныс мүшесі өз фуyкциясын дұрыс атқарып тұрғандықтан, бәрі дұрыс деп ойлап тексерілмеген. Тексерілгенде оның ұрығының сапасының төмен екені анықталды. Ұрықтың сапасы әртүрлі факторларға байланысты төмендеуі мүмкін. Егер салауатты өмір салтын сақтап, емделсе, ұрпақ сүюіне болады.

— Сіздерге көбіне қай жастағылар келеді? 

— Бізге келетіндердің жастық ерекшеліктері әртүрлі. Олардың арасында жастар да, егде жастағылар да, орта жастағылар да көп. Бірақ негізгі топты құрайтындар қырықтың айналасында. Көбіне осы жасқа келгенде ғана ерлер өздерінің еркектік денсаулығына мән бере бастайды.

— Ұрық сапасының нашарлауына не әсер етеді?

— Әр адам өзінің не ішіп, не жейтініне мән беруі керек.  Сондай-ақ ыстық жерде жұмыс істейтіндердің ұрығының сапасы төмендеп кетеді. Жыныстық өмірі де әсер етеді. Мәселен, кейбір ер азаматтар, оның ішінде, әсіресе, бойдақ жігіттер бірнеше жыныстық серіктеспен қатынасқа түсіп, әртүрлі жұқпалы аурулардың инфекцияларын жұқтырып алады. Одан қабынулар болады. Ол да ұрықтың сапасын нашарлатады. Көбіне жас жігіттер білместіктен жыныстық ауруларды жұқтұрып алады. Мәселен, хламидия, гонококк, уреплазма, цитоплазма, цитомегаловирус, герпес деп аталатын жыныстық жолмен жұғатын вирустар бар. Әсіресе, цитомегаловирус, герпес қауіпті вирустар. Олар ұрыққа енсе, ұрық өмір сүре алмайды, жойылып кетеді. Ал қазір еркектердің 92%-нда осы вирустар өкінішке қарай кездеседі. Өйткені бізде жыныстық сауаттылық жоқ. Сол үшін жыныстық сауатты арттыру керек. Қорыта айтқанда, өз практикамда кездескен екі негізгі фактор бар. Біріншісі – сыраға құмарлық. Екіншісі – сақтанбаған жыныстық қатынас кезінде жұқтырған жыныстық аурулар.

— Жыныстық қатынастың жиілігінің белсіздікке әсері бар ма?

— Простатиттің кейбір түрлерінде жыныстық қатынастың тұрақты болуы оң әсер етеді. Яғни ауруды бәсеңдетіп, ұрықтың сапасын көтеретін кездері болып тұрады.

— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Другие новости

Back to top button