Түркістан облысында полицейлердің жазықсыз адамға қылмысты «мойындатып жатқан» видеосы тарады
Оқиға Сауран ауданында болған
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сауран ауданының полиция бөлімінде түсірілген видеоматериал тарады. Онда 34 жастағы жергілікті тұрғынның жанұшыра айқайлаған дауысы естіледі. Elitar.kz порталының жазуынша, бұл азаптау оқиғасы болуы мүмкін.
Белгілі болғандай, 34 жастағы ер адамды мал ұрлығына күдікті ретінде аудандық полиция бөлімшесіне алып келген. Өзінің айтуынша, оның басына полицейлер полиэтилен пакет кигізіп, әбден ұрып-соғыпты. Сондағысы жоғалған екі қойды оның мойнына ілгісі келген көрінеді. Оқиға биыл 8 ақпанда болған.
Облыстық полиция департаменті болса азап көрген ер адамның мал ұрлығына қатысы жоқ екенін айтты. Жәбірленушінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Ал, оны азаптауға қатысы бар деген күдікпен бес бірдей полицей ұсталыпты. Бәрінің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда бұл іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр. Алайда, жәбірленген ер адам антикордың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Айтуынша, іс белгісіз себептермен әлі сотқа жетпеген. Ал, антикор қызметкерлері полицейлерге кешірім беруді өтініп, бірнеше рет ұсыныс айтыпты. Сондықтан жәбірленуші енді Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданбақшы.