Тұрақты табысы жоқ: адвокат Бишімбаев балаларына неге алимент төлемей жүргенін айтты

Адвокат Ерлан Ғазымжанов Қуандық Бишімбаевтың балаларына алимент төлемейді деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ЖАЛҒАН АҚПАРАТ”
Ғазымжановтың сөзінше, Бишімбаевтың отбасы балаларына алимент төлеуден бас тартты деген ақпарат – жалған.
— Қуандық Бишімбаев қазіргі таңда алимент төлеуден бас тартып отырған жоқ, себебі бұл – әрбір ата-ананың қасиетті борышы. Ол тек алименттік келісімді бұзу немесе оның шарттарын өзгерту ниетінде, өйткені қазіргі уақытта тұрақты табыс көзі жоқ. Ал заң бойынша, егер материалдық жағдай айтарлықтай өзгерсе, мұндай өзгеріс мүмкін, дейді Ғазымжанов.
Адвокаттың сөзінше, Бишімбаевтың ата-анасы белгілі бір уақыт бойы өз еркімен Қуандықтың орнына алимент төлеп жүрген.
— Төленген сома алименттік келісімде көрсетілген мөлшерге сәйкес болды. Алайда Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевтың егде жастағы ата-анасына бірнеше рет дөрекі және қорлайтын сөздер айтқандықтан, балалармен олардың қарым-қатынасына кедергі келтіріп, оларды Бишімбаевтар отбасына қарсы қойып, әлеуметтік желілерде «психологиялық тренингтер» түрінде оларды жиі қаралағандықтан, ата-анасы балаларға өздері жеткілікті деп санайтын мөлшерде уақытша көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл ұстаным алименттік келісімді өзгерту немесе бұзу мәселесі шешілгенге дейін өз күшінде болады, дейді адвокат.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұрынғы күйеуінің туысының сынына жауап ретінде Назым әлеуметтік желіде видео жариялап, өзі жайлы тараған қауесеттерге тоқтау салғысы келетінін айтты. Оның айтуынша, соңғы кездері өзіне қатысты жалған ақпараттар көп таралып кеткен.
“БАЛАЛАРДЫҢ ДЕМАЛЫСЫ ДА, ПСИХОЛОГ ТА ТӨЛЕНГЕН ЖОҚ”
Назым Қахарман былтыр балаларының демалысына және психологқа төленбегенін айтып, бұған қатысты барлық түбіртектерді жинап, адвокат Ғазымжановқа жолдағанын мәлімдеді.
— Былтыр балалардың демалысы да, психолог қызметі де төленген жоқ. Барлық түбіртектерді жолдадым. Бір жарым жылдың ішінде қомақты сома жиналды. Бірақ адвокатқа жібергеніме қарамастан, оны елемей қойды, дейді Назым.
ДӘРІГЕР МЕН ДӘРУМЕНДЕРДІҢ АҚШАСЫ
Назымның айтуынша, тек демалыс пен психолог қызметі емес, тіпті дәрігерге қаралу мен дәрумен сатып алуға да ақша бөлінбеген. Сонымен қатар, 2020 жылы экс-күйеуі Бишімбаевпен ажырасу кезінде келісілген алиментті де үнемі еске салып отыруына тура келетінін айтады.