Трамп Зеленскийге риза болғанын, ал Ресейдің атысты тоқтатпағанына көңілі қалғанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді Украинаға соққы жасауды тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі ВВС-дің орыс қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Трамптың айтуынша, Владимир Зеленскиймен Ватикандағы әңгіме ойдағыдай өткен.
Нью-Джерсиде журналистер алдында сөйлеген Трамп Ресейдің Украинаға қарсы шабуылдарды тоқтатпай отырғанынан көңілі қалғанын айтты.
«Мен оның (Путиннің – ред.) оқ атуды тоқтатып, отырып, келісімге қол қойғанын қалаймын. Бізде келіссөз шарттары бар деп есептеймін және оның оған қол қойып, оны аяқтап, (қалыпты – ред.) өмірге оралғанын қалаймын», — деді АҚШ президенті.
Трамп сенбі күні Владимир Путинді сынап, Truth Social желісінде Ресей президентінің «соңғы бірнеше күнде азаматтық аудандарға, қалалар мен елдімекендерге зымырандар ұшыруына ешқандай себеп болмағанын» айтты.
«Бұл мені “мүмкін ол соғысты тоқтатқысы келмейтін шығар, жай ғана мені алдап жүрген шығар, оған «банк» немесе «екінші реттік санкциялар» арқылы басқаша қарау керек шығар” деген ойға жетелейді», — деп жазды ол.
Трамп Рим папасының жерлеу рәсімі алдында Ватиканда Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін журналистер сұрағына жауап берді.
«Менің ойымша, кездесу жақсы өтті. Алдағы бірнеше күнде не болатынын көрейік. Жаңа нәрселер біліп қалуымыз мүмкін. Зымырандардың Ресей тарапынан ұшырылып жатқаны көңілімді қалдырды», — деді америкалық президент ұшақтан түсер кезде журналистерге.
Ол Зеленскийді бейбіт келісімге келуге мүдделі деп санайтынын айтты.
«Оны сабырлы кейіп танытты. Менің ойымша, ол жағдайды түсініп отыр және ол келісімге келгісі келеді деп ойлаймын», — деп жазды оның сөзін Reuters. Басылым мұнымен Трамп ақпанда Ақ үйде Зеленскиймен өткен шулы кездесуді меңзеп отыр деп түсіндірді.
«Ол маған көбірек қару қажет екенін айтты, бірақ ол үш жылдан бері оған қару керек екенін айтып жүр. Бұдан не шығатынын көрейік», — деді АҚШ президенті журналистерге берген жауабында.
«Зеленский Қырымды бақылаудан бас тартуға дайын деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа Трамп: «Солай ойлаймын», – деп жауап берді. Алайда Зеленский ешқашан ашық түрде мәлімдеме жасаған емес, керісінше, мұндай ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып келеді.
«Бұл (Ресейдің Қырымды аннексиялауы – ред.) 11 немесе 12 жыл бұрын болды. Бұл біраз уақыт бұрын болды. […] Бұл туралы 12 жыл бойы ешкім жазбаған. Мүмкін (Барак – ред.) Обамаға оралып, содан сұрарсыз», — деді Трамп журналистерге.
Бір күн бұрын БАҚ Ресей аннексиялап алған Қырым мәселесі Киевтің «Трамптың бітімгершілік жоспарына» қатысты негізгі шағымына айналғанын хабарлады. Осы аптада Time журналына берген сұхбатында Трамп «Қырым Ресейде қалады» деп те айтты.
Ал Украина тарабы аумаққа қатысты қандай да бір келісімге келуден бас тартып, аумақтық мәселелер тек атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана талқылануы керек екенін айтып келеді.
Зеленский мен Путин Трамптың соңғы айтқан сөзіне әлі жауап қатқан жоқ.
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус жексенбі күні Украинаны атысты тоқтатуға айырбас ретінде үлкен аумақтық жеңілдіктерді қарастыратын келісімнен бас тартуға шақырды.
Басқа ақпарат құралдарының хабарлауынша, америкалық жоспар Украинаның НАТО-ға мүшелігін жоққа шығарады және Ұлыбритания мен Франция бастаған «қалаулылар коалициясы» АҚШ-тың қатысуынсыз атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен кейін қауіпсіздік кепілдігін береді деп қарастырады. Еуропа елдері, өз кезегінде, Украинаға шабуыл жасалған жағдайда Ақш-тың көмекке келуге сөзсіз міндеттеме түрінде «сенімді» кепілдік беруін қалайды.
Сондай-ақ АҚШ қазіргі уақытта Ресей басып алған Запорожье атом электр станциясын бақылауға алуды ұсынып отыр, содан кейін ол Ресей мен Украинаны электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында Запорожье АЭС-і берілмейтінін айтты. Оның айтуынша, Вашингтон мұндай ұсыныс туралы Мәскеуді хабардар етпеген.
Жексенбі күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей мен Украинаны бейбіт келісімге келуге тезірек кірісуге шақырды.
«Бұл іс мүмкіндігінше тезірек болуы керек. Егер олар нәтиже бермесе, біз уақыт пен ресурстарды босқа жұмсай алмаймыз. Бұл апта өте маңызды болады: оның барысында біз осы бастамаға қатысуды жалғастырғымыз келем ме, әлде басқа мәселелерге назар аударатын уақыт келді ме, соны шешуіміз керек», — деді Рубио NBC арнасына берген сұхбатында.