Төтенше жағдай жариялана ма: Павлодар облысында бірнеше ауылда егін шықпай қалуы мүмкін
Ертіс ауданының төрт ауылына қуаңшылық қаупі төніп тұр
Жаңбырдың кеш жаууы салдарынан ауылдарда егін шықпай қалуы мүмкін, деп хабарлайды деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріпов мәлім етті.
«Бүгінде егін егілді, бірақ биыл қуаңшылыққа байланысты судың жағасында орналасқан ауылдарда егін мәселесіне қатысты жағдай қиын болуы мүмкін. Қызылжар, Қарақұдық, Иса Байзақов, Северный ауылдық округтерінде жауын кеш жауды, сондықтан олар құрғақшылыққа тап болды. Болжам бойынша, егістік көлемінің 10-15 мың гектары жарамсыз болып қалуы мүмкін», – дейді Болатбек Шәріпов.
Ертіс ауданы әкімінің сөзінше, Панфилов, Ұзынсу, Қосағаш, Ағашорын, Қоскөл, Амангелді ауылдық округтерінде екі рет өткінші жаңбыр жауып өткендіктен, жағдай бірқалыпты.
«Далалық аумақтағы ауылдарда астық өнімділігі жақсы болады. Себебі, бұл елді мекендерде жаңбыр жауып, қуаңшылықтан аман қалды. Агроном ретінде бидай 10-12 центнер деңгейінде тұрғанын көріп тұрмын», — деді Ертіс ауданының әкімі.
Сондай-ақ Болатбек Шәріпов ауданда қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай режимін енгізу туралы сұрақ туындамайтынын айтады.
«Қуаңшылық мәселесі бар екенін жасырмаймын, алайда төтенше жағдайды енгізу мәселесі көтерілмеді», – дейді аудан әкімі.
Ертіс ауданында егілген егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,3 мың гектарға ұлғайды.