Төрт млрд теңге желге ұшты: спортшылар 11 спорт түрінен бірде-бір медаль алмаған

Жоғары аудиторлық палата спортшыларды тәрбиелеуге және даярлауға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады. Тексеріс нәтижесінде 2022-2024 жылдар аралығында 4 млрд теңге жұмсалған 11 спорт түрінен бірде-бір медаль болмағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ЖАП қорытындысы бойынша спортта медаль санының артуына қарамастан, спортқа жұмсалатын қаражаттың тиімділігі төмендеп барады.
«2022-2024 жылдар аралығында шамамен 4 млрд теңге жұмсалғанымен, 11 спорт түрі бойынша бірде-бір медаль жоқ. Спорттық резервті даярлау жүйесі әлі де тиімді емес. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне қабылдау процесі ашық емес, спортшылар мен жаттықтырушылардың бірыңғай цифрлық есебі жүргізілмейді, медициналық сүйемелдеу ескірген әрі барлық спортшыны толық қамтымайды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар 6 жазғы олимпиадалық спорт түрі бойынша кешенді мақсатты бағдарламалар бекітілмеген. 46 жазғы олимпиадалық спорт түрінің 19-ы бойынша спорт ұйымдарында спортшыларды даярлау бағдарламалары жоқ.
«5 спорт түрі бойынша дайындық әлсіз және бәсекелестік төмен болуына байланысты спортшылар олимпиадалық іріктеу турнирлеріне мүлде қатыспай, Олимпиадаға лицензия бермейтін өзге халықаралық жарыстарға ғана барған. Соған қарамастан 2022-2024 жылдар аралығында осы спорт түрлеріне спортшыларды даярлауға бюджеттен шамамен 2 млрд теңге жұмсалған», — дейді ЖАП.
Бұдан бөлек, олимпиадалық спорт түрлерінен білікті бапкерлер тапшы екені анықталды. Ал олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша, керісінше, жаттықтырушылар жетіп артылады. Өйткені бұл бағыттарда медаль алу мүмкіндігі жоғары және оған сәйкес бонустар да қарастырылған дейді аудит мамандары.