Алматы

«Төрт бала әкесіз қалды»: Алматыда бейтаныс әйелді арашалаймын деп мерт болған полицейдің отбасы сұхбат берді

Марқұм туған жері Байқоңырда жерленеді. Оның үш жерінен пышақ сұққан күдікті бірден қамауға алынды. Ол өзге ел азаматы боп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қанды қылмыс қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде түнгі уақытта болған. Бақылау камерасына жазылған кадрлардан Нұрсұлтан Несіпбаевтың бейтаныс әйелді қалай қорғауға тырысқанын көруге болады.

Аяусыз соққылап жатқан ер адамға ескерту жасап, сыртқа шығып кетеді. Сөйтіп араларында жанжал туындап, арты полицейдің өлімімен аяқталды.

«Қазақтың қызын қорғаймын деп, өмірі қыршынынан қиылды. Бірге көретін жақсылығымыз әлі алда еді ғой, мақсаттарымыз көп еді. Мына бала-шағаны өсіреміз деген мақсатымыз бар еді. Көп жақсылық болады деген мақсатымыз бар еді. Әттең, қыршын кетті», — деді марқұмның жесірі Бақыт Жетіген КТК арнасына берген сұхбатында.

31 жастағы полицей мейрамханада жұмыстан тыс уақытта жүріпті. Іш құрылысы мен жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған азамат ауруханада көз жұмды.

Оны жоқтап, артында әйелі мен екі ұлы, екі қызы қалды.

«Жолдастарының алдында абыройлы, бауырмал, ағайынның ортасында қамқоршымыз еді, балам. Көп арқа сүйейтін едім балама. Өзіміздің қазақтың қызын қорғаймын деп өз өмірін қиды. Артында аңырап мен қалдым.  Төрт баласы мен әйелі қалды. Мен баламды мақтан тұтамын», — дейді марқұмның анасы Рая Жақанова.

Нұрсұлтан Несіпбаев он жылдан бері ішкер істер саласында қызмет атқарған. Қанды қылмыс жасады деген күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Полицияның айтуынша, ол Өзбекстан азаматы екен.

«Екі жақтан да тексеріп басталды. Полиция қызметкері жұмыста емес еді. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді», — деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұған дейін Алматыдағы мейрамханада болған жанжал кезінде әйелге араша түсемін деп полиция қызметкері пышақталғаны туралы жазған едік.

Другие новости

Back to top button