Тоқаевтың Украинадағы ахуалға қатысты шұғыл тапсырмасы: Мәулен Әшімбаев себебін түсіндіріп берді
Жуырда Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарға әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған. Сенат кулуарында жоғарғы палатаның төрағасы Мәулен Әшімбаев Azattyq Rýhy тілшісіне осыған қатысты пікір білдірді.
Сенат спикері елдің қауіпсіздігін сақтау – мемлекеттің негізгі мақсаты екенін атап өтті.
«Осы бағытта көп жұмыс атқарылып жатыр. Халыққа алаңдайтын ешқандай себеп жоқ деп есептеймін. Мен енді сыртқы саясатпен де, қауіпсіздік мәселесімен де айналыстым, Қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істедім. Сондықтан бұл жерде халқымыз алаңдайтын, талқылайтын үлкен мәселелер жоқ. Қауіпсіздігіміз тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп жатыр», — дейді Әшімбаев.
Осы орайда ол еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірнеше нақты жолы бар екенін айтты.
Біріншісі – барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынас орнатып, сыртқы саясатта тепе-теңдік сақтау.
«Мына жақта Қытай, мына жақта Ресей бар, Ислам әлемі, Америка, Еуропа бар. Өздеріңіз байқасаңыздар, президентіміз барлық бағытта тиімді саясат жүргізіп келе жатыр. Қытай төрағасы осында болды, өте маңызды келіссөздер өтті. Ресей президенті келді. Біздің президентімз Францияда болды, қалай қабылдағанын білесіздер. АҚШ-қа барып жатыр, Ислам елдерімен де жұмыс істеп жатыр. Жалпы сыртқы саясаттағы осындай белсенділік, осындай қарым-қатынас бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір тетігі деп қабылдаңыздар. Ол – тек қана кездесіп, әңгіме айту емес, онда үлкен мақсат бар, біздің мүддеміз бар. Сондықтан барлық мемлекетпен біз қарым-қатынасты сақтап отырмыз, көп мәселенің алдын алуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бірінші жол», — деп түсіндірді Сенат төрағасы.
Екіншісі – әскери күштерді күшейтуге көңіл бөлініп жатыр. Бұл да біздің қауіпсіздігімізге тікелей әсер ететін үлкен қадам екені сөзсіз, дейді Әшімбаев.
«Сондай-ақ, қазіргі әлемде қауіпсіздікті сақтаудың бірден бір жолы – экономиканы күшейту. Экономика басқа мемлекеттерге тәуелді болмауы керек. Егер тауарларға тәуелді болып жатсақ, өзіміздегі нәрсені шығармай, басқа елдер бізге өз тауарын бермей қалса, ол әрине біздің экономикалық қауіпсіздігімізге ткелей әсер етеді. Сондықтан қазіргі әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі – экономиканы күшейту, экономиканы әртараптандыру. Осы бағытта Үкіметпен бірге жұмыс істеп жатырмыз», — деп жалғастырды сөзін спикер.
Әшімбаев мемлекет басшысы қауіпсіздікке қатысты барлық мәселеден хабардар екенін айтты.
«Осы бағытта өзі де үлкен жұмыс атқарып жатыр, президенттің тапсырмасымен де жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан біздің қауіпсіздігіміз тиісті деңгейде деп ауыз толтырып айтуға болады», — деп сендірді ол.
Ал президенттің жақында Үкімет пен күштік құрылымдарға берген шұғыл тапсырмасы – қосымша сақтық шаралары, алдын алу жұмыстары, дейді Мәулен Әшімбаев.