Выбор редакцииИнтервью

Тоқаевтың тапсырмасы, прокурордың міндеті, жемқорлықты тоқтату: Берік Асылов көлемді сұхбат берді

Қазақстанда жыл сайын 6 желтоқсан күні Прокуратура күні мерекесі атап өтіледі. Биыл прокуратура әлеуметтік қорғау, жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың, экономикалық саланың азаматтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, заңсыз алынған активтерді қайтару, қылмыстық істерді тергеу, мемлекеттік айыптауды жүзеге асыру, құқықтық процестерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастық және басқа да бағыттарда заңдылықты нығайту бойынша маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Кәсіби мереке қарсаңында еліміздің бас прокуроры Берік Асыловтың бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінде сұхбаты жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

– Берік Ноғайұлы, ең алдымен, сізді және барша прокуратура қызметкерін кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Осы орайда әңгімемізді Қазақ­стан прокуратурасының ширек ғасырлық қызметі жөнінен бастасақ. Осынау уақытты бел­гілі кезеңдерге бөліп қарас­ты­руға бола ма? Бұл кезеңдік өзгеріс­тер­дің қадағалау қызметіне тигізген әсері қандай болды?

– Құттықтауыңызға рахмет және еліміздің бас басылымы бетінде пікір білдіру мүмкіндігін ұсынғандарыңызға алғысымды білдіремін.

Ең алдымен прокуратураның мақсаты мен міндетіне аз-кем тоқ­та­л­ып өтсем деймін. Про­ку­ра­тура, бірінші кезекте, өзінің қадағалау әлеуетін Конс­ти­туцияның басты құнды­лық­тары – адам, оның өмірі, құ­қықтары және бостандығын қор­ғау­ға бағыттайды. Оның жұмы­сын­дағы ең басты қағидат – заң мен тәртіпті бұлжытпай сақтау.

Біздің міндетіміз – прокурорлық қадағалау құралдары арқылы кез келген құқық бұзушылыққа «мүл­дем төзбеу» қағидасының орындалуына қол жеткізу, қоғамда құқық­тық тәртіпті қамтамасыз ету. Құқық бұзу­шылықтың алдын алу мен әділ­дік­ті қалпына келтірудің ең басты құралы жазадан бұлтартпау шарасы екені белгілі.

Қоғамда заңдылықты қамтама­сыз ету мақсатында қазіргі заманғы техно­логияларды пайдалана оты­рып, қадағалау әдістері мен құрал­да­рын үнемі жетілдіріп жатырмыз. Шетелдік әріптестердің озық тәжірибесімен алмасуды ұдайы жүзеге асырып келеміз. Жалпы, қызметіміздің тиімділігін арттыру үшін жоспарлы түрде қарқынды жұмыс жүріп жатыр.

Прокуратураның қалыптасу жолы мен тарихы туралы сұра­ғы­ңыз­ға келсек, егемендікке қол жеткізген күннен бастап прокуратура азаматтардың құқықтарын қор­ғауды күшейтіп, тың серпін­мен дамып келеді. Еліміздің ал­ғаш­қы жоғары саяси құжаты – Мем­лекеттік егемендік туралы 1990 жылғы 25 қазандағы декларацияда Республика аумағында заңдардың нақты және біркелкі орындалуын қадағалау прокурорға жүктелетіні атап көрсетілген. 1991 жылғы 6 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес­тің «Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың өздігімен жұмыс істеуі және тәуелсіздігі туралы» қаулысының қабылдануы – еліміздің қадағалау органы тарихындағы маңызды қадам. Дәл осы маңызды шешім Қазақстан прокуратурасы тарихи жылнамасының сүрлеуіне жол ашты.

1995 жылғы еліміздің Ата за­ңын қабылдау айрықша ма­ңыз­ды тарихи сәт болатын. Ата заңы­мызда мемлекетіміздің прези­денттік басқару нысаны айқын­далды. Атап айтқанда, прокура­ту­раның Мемлекет басшысына тікелей бағынысты болатынын, оның басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіздігін, сондай-ақ қада­ға­лау органдарының бірыңғай орталықтандырылған сатылай бағы­нысты жүйесін нақтылап бе­кіт­ті.

2022 жылы Республикалық референдумда Ата заңға өзгеріс енгізу арқылы қадағалау органы тарихына жаңа бетбұрыс жасалды. Жаңартылған Конституцияда Про­ку­ратура туралы заңға конс­титу­циялық мәртебе берілді.

– Прокуратура алдында тұр­ған құқық қорғау міндеттері өмір­де әрқайсымыздың алдымыздан шығатын көптеген мәселеге байланысты екені анық. Тіпті кейде қоғамдық мәселелердің басым бөлігі прокурорлық қадағалауға қа­тысты болып көрінеді. Осы­ған не дейсіз? Прокуратура қызме­ті­нің негізгі бағыты мен жұмыс ауқымына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Бұл сұраққа жауапты Консти­ту­ция­дан табасыз. Онда прокурату­раның негізгі функциялары айқын көрсетілген. Бұл – заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау, сотта мемлекеттің мүдделерін білдіру және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында Бас про­ку­рорға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді. Бұл функ­циялар екі жыл бұрын қабыл­данған «Прокуратура туралы» Конс­титуциялық заңда, процестік ко­декс­терде және басқа да заңдарда көрсетілген.

Прокурорлар жедел-іздестіру қызметі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотта айыпты қолдауды қоса алғанда, қылмыстық-құқықтық са­ла­дағы заңдылықтың сақталуын қам­­тамасыз етеді. Азаматтарымыз жоғары қадағалау органының қызметі туралы хабардар болған сайын, біздің қызметіміздің алуан­ды­ғы мен қыруар қыры ашыла түседі. Прокурорлар жедел-тергеу топтарын құрады, оларға бас­шы­лық жасайды, істерді өздері тер­геп-тексереді. 2023 жылдың ба­сынан бастап азаптауларды сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек про­­курорлардың ғана құзыретіне берілді.

Сонымен қатар күшіне енгі­зіл­ген сот үкімдерінің заңды­лығын, қылмыстық жазалардың орындалуын, түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың құқығы сақталуын, жазасын өтеген адамдардың пробациядан өтуі мен әлеуметтік бейім­делуін қадағалауды жүзеге асырамыз. Яғни бүгінде прокуратура қыз­меті қылмыстық-құқықтық сала­ның барлық кезеңін қамтып отыр.

Қадағалау қызметінің ауқымы қоғамдық мүдделер саласында да артты. Бұл ретте біз азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және қылмыстық салаға байланысты емес өзге де құқықтарын қорғау үшін жұмыс атқарамыз. Әсіресе көмекке мұқтаж балалар, егде адамдар және құқықтарын өздігімен қорғай алмайтын адамдардың мүдделерін қор­ғаймыз.

Еңбек қатынастары саласы – біздің ерекше назарымызда. Осы жылы прокуратура актісі бойынша 122 мың жұмыскердің құқық­тары қорғалды, 278 млн теңге сомаға еңбекақы өндіріліп алынды. Сондай-ақ меншік туралы заңна­маның, қаржы заңнамасының, салық, кеден, бюджеттік қатынастар, табиғат қорғау заңнамаларының сақталуына қадағалау жүргіземіз. Көлік саласында 640 млн-нан аса сомаға мемлекет мүддесі қорғалды.

Қадағалау аясына әкімшілік құқық бұзушылық, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік әділеті, азамат­тық істер бойынша сот шешімдерінің орындалуы жөніндегі істер кіреді. Қадағалау құралдары адамдардың өміріне және денсаулығына, елдің қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайларда да жұмылдырылады.

Әлеуметтік-экономикалық салада құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде осылайша жүйелі қада­ға­лау қалыптасқан. Биыл про­­куратура актілері бойынша 287 мыңнан аса адамның конс­ти­туциялық құқығы қалпына келді, 1,5 млн-ға жуық жасөспірім қорғал­ды, оның ішінде алимент бойынша 4 млрд теңге өндіріліп алынды.

Әскерде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Прокурорлар 10 мыңнан аса әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын, оның ішінде медициналық көмек көрсету мәселелері, барлық тиесілі өтемақы мен жәрдемақының уақтылы төленуін қоса алғанда еңбек құқықтарын сақтау мәселе­лері бойынша қорғады.

Негізгі бағыттардың бірі – халық­аралық ынтымақтастық. Қыл­мыс­тық-құқықтық салада басқа елдермен өзара байланыса жұ­мыс істеу, қылмыстық қудалау мәсе­лелері бойынша шетелдерде мемлекеттің мүддесін білдіру – аса жауапты іс. Қазір прокурорлар шетелдік және халықаралық арбитраж­дарға қатысады, актив­тер­ді қайтаруға байланысты аза­мат­тық талаптар қояды. Бас прокуратура халықаралық шарттар жасау арқылы шет мемлекеттермен ынты­мақтастықтың құқықтық базасын қалыптастырады.

Жалпы, прокуратура жоғары қадағалау органы ретінде заңдылық, құқықтық тәртіп пен қылмыс­кер­лік­пен күрес мәселелерінде барлық мүдделі органды үйлестіру міндетін атқарады. Менің жетекшілігіммен Үйлестіру кеңесі отырыстарында қылмыстың алдын алу бойын­ша тиімді шаралар, есірткі бизнесіне, алаяқтық, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да қоғам үшін маңызды тақырыптарға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Мен прокурорлар қызметінің негізгі салаларына ғана тоқталып отырмын, егер қадағалау саласының нақты бағыты туралы сұрағыңыз болса, жауап беруге дайынмын.

Прокуратура адал бизнестің ғана мүддесін қорғайды

– Олай болса, ендігі кезекте қадаға­лаудың жекелеген бағыт­та­ры­на көшкім келеді. Прокуратура туралы конс­ти­ту­циялық заң жеке кә­сіп­керлік субъектілерінің қыз­метіне мемлекеттік органдар, оның ішінде жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар араласқан кезде қорғауды жүктеп отыр. Был­тыр Мемлекет басшысы Бас прокуратураға инвестициялық жобалармен жұмыс істеуді тапсырды. Инвесторлармен жұмыстар туралы айтып өтсеңіз. Оларды сүйемелдеу қалай жүр­гізіледі, бұл жұмыс барысы шетел­дерде қолға алынған ба және жеке бизнестің мүдделерін қор­­ғауда прокурорлық көмек қан­­шалықты жиі қажет етіледі?

– Біз осы бағыттағы жұмыстары­мызды ұдайы жариялап отырамыз, брифингтер және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы көп нәрсе айтуға болады. Бұл жұмыс тек прокуратураға қатысты емес екенін атап өткім келеді. Осы орайда инвестицияларды тартумен айналысатын ауқымды жүйе қалыптасты. Оған Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті, «Kazakh Invest» АҚ, әкімдіктер кіреді. Әрқайсысының өз міндеттері мен функциялары бар. Олардың мақсаты ортақ – инвестициялық ахуалды жақсарту, еліміздің экономикасына үлес қосу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жаңа өнеркәсіптерді құру және жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру.

Қазіргі уақытта «прокурорлық сүзгі» деп аталатын іс-шара аясында прокурорлар бақылау-қадағалау және басқа да мемлекеттік орган­дардың шектеу-тыйым салу сипа­тындағы шешімдерін қабылдамас бұрын тексеріп отырады. Енді про­курордың келісімінсіз ешқан­дай мемлекеттік органның инвес­торды тексеруге, әкімшілік жауап­қа тартуға, қызметін тоқта­туға, лицензиясын қайтарып алуға, келісімшартты біржақты бұзуға және талап қоюға құқығы жоқ. Бүгінде «прокурорлық сүзгі» Ұлт­тық цифрлық инвестиция­лық платформа мен Бас прокура­ту­раның Құқықтық статистика жөніндегі комитетінің жүйелерінде цифрланған. Инвесторларға қа­тысты барлық мемлекеттік орган­ның шешімдері нақты уақыт режі­мінде прокурорға түседі. Бұл мемлекеттік органдар шешім­де­рінің уақтылы қабылдануын қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыс кейінгі бір жарым жыл бойы жүргізіліп келеді және оң нәти­желер беріп жатыр. Про­курор­лар мемлекеттік органдардың 584 шешіміне келісім беруден бас тартты, 248 тексеріс пен 229 әкімшілік іс жүргізудің жолын кесті. Жалпы, биыл біздің қызметкерлер 195 қадағалау актісін енгізді, оларды қарау нәтижесінде мемлекеттік органдардың 54 шешімінің күші жойылды. Инвесторлар құқығын бұзғаны үшін әртүрлі деңгейдегі 119 лауазымды адам жазаланды.

Бүгінгі таңда прокуратура әлем­нің 27 елінен келген Жалпыұлт­тық пулдың 769 жобасын және энергетика, туризм, тамақ өнер­кәсібі, машина жасау, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика жүйесі және басқа да маңызды бағыттар саласында 70 ірі инвесторды сүйемелдеп отыр. Сүйемелдеу мәні – жобаны іске асыру кезінде инвесторларды құқықтық қолдау және мүдделерін қорғау. Егер инвесторлар жұмысында қандай да бір проблемалар туындаған жағ­­дайда, оларды жедел түрде ше­шеміз, бюрократиялық әуре-сар­саң­ға салуға жол бермейміз. Инвесторлардың әрбір жолданымын уәкілетті органдарға жібермей-ақ қараймыз.

Өңірлерде фронт-офистер жұмыс істейді. Прокурорлар инвесторлармен күнделікті кездеседі, олардың кейстерін қарайды, құқық­тарын қайта қалпына келтіру шараларын әзірлеп, қажет болса, тиісті уәкілетті органдарға тапсырмалар береді. Осы жұмыстар шеңберінде 596 инвесторға, оның ішінде Түркия, БАӘ, Германия, Сингапур, Қытай, Ресей және Франциядан шетелдік инвесторларға көмек көрсетілді. Олардың Қазақстанның экономикасына үлесі – 9,9 трлн теңге. Мысалы, құны 450 млн доллар тұратын бу-газ құрылғысының құрылысы бойынша жобаны кеңейту үшін прокурорлық сүйемелдеу аясында инвесторға қосымша жер берілді. Тағы бір мысал, инвестициясының көлемі 192 млн доллардан асатын шетелдік инвесторға темір­жол, су жүргізу құбырлары және электрмен қамту сияқты инфра­құрылымдарды жүргізуге грант алуға көмек көрсетілді. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі «прокурор­лық сүзгі» енгізу заңнамалық тұр­ғыда бекітіліп жатыр.

Отандық және шетелдік инвес­торлардың тізілімін қалыптас­тыру заңнамалық новелла болады. Бұл тізілімге ел үшін маңызды нақты жобалары бар инвесторлар кіреді және соларға «прокурорлық сүзгі» қолданылады. Сондай-ақ Кә­сіпкерлік кодексі тізілімге ен­гізіл­ген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы мемлекеттік органдардың шешімдері оларды тек прокурормен міндетті түрде келіскен жағдайда ғана қабылда­на­тыны жөніндегі нормамен толық­тырылады.

Азаматтық процестік кодексте мемлекеттік органдарды прокурормен міндетті түрде келіскеннен кейін (соттың заңды күшіне енген және енбеген шешімдеріне шағым жасау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың сотқа жүгіну құқығын жоғары тұрған мемлекеттік органдармен келіс­ке­ніне ұқсас) инвесторларға қатыс­ты талап қоюмен сотқа жүгі­нуге міндеттейтін ереже көзделеді. Әкімшілік іс жүргізуді қозғау тура­лы мемлекеттік органдардың ше­шім­дерін прокурормен келісу бойынша осыған ұқсас түзетулер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылады. Тиісті заң жобасын Парламент жылдың соңына дейін қабылдайды деген үміттеміз.

Инвестициялық жобаларды прокурорлардың сүйемелдеу прак­­тика­сы басқа елдерде де бар. Мұн­дай механизмді олар­дың тә­жірибелерін ескере отырып енгіздік. Инвесторлар үшін аса қолайлы ел болып саналатын Сингапурдың тәжірибесі бас­шы­лық­қа алынды. Көршілес өзбек елінің тәжірибесі де назардан тыс қалмады. Мұның бәрі – халқы­мыздың игілігі үшін атқарылып жатқан кешенді әрі тиімді іс-шаралар.

– Сіз басқаратын сала инвес­тор­лармен бірге жеке кәсіпкер­лердің құқығын қорғай­тынын білеміз. Осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынған?

– Жеке кәсіпкерлердің қызме­тін­де мемлекеттік органдар­дың араласу фактілері орын алған жағдайда олардың құқық­та­рын прокурорлардың қор­ғауы Про­ку­ратура туралы консти­ту­ция­лық заңда тікелей атап көр­се­тілген. Прокурорлар әрқашан адал бизнестің ғана мүддесін қор­ғайтынына назар аударған жөн.

2000 жылдан бастап Бас проку­ратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде бизнесті тексеру міндетті түрде тіркелуге жатады. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулерге толығымен ты­йым салынған. Олардың орнына тәуекелдерді басқару жүйесіне негіз­делген кәсіби бақылау енгізіл­ген. Ол жазалау сипатында емес, айыппұлсыз, алдын алуға бағыт­талған. Тек кемшіліктерді жой­ма­ған жағдайда жауапқа тартылуы мүмкін.

Бақылаушы органдар тарапынан бизнеске түсетін салмақты азайту бойынша жұмыс Мемлекет бас­шысының Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы мамыр айындағы Жарлығында да жалғастырылған. Нәтижесінде, тексерулер жоспарлы түрде азайды, 10 жыл ішінде олардың саны 6,5 есеге қысқарды (319 мыңнан 48 мыңға дейін). Мұның барлығы еліміздің іскерлік ахуалына оң ықпал етеді. Жыл сайын он мыңдаған кәсіп­кер­дің құқығын қорғаймыз, мыңдаған заңсыз шектеу шарасын жоямыз, 9 мыңға жуық заңсыз тексерудің жолын кесеміз, мыңнан аса шенеунік жазаға тартылады.

«Атамекен» ҰКП және депутат­тық корпуспен бірлесіп тұрақ­ты түрде бизнес-форумдар өткізі­леді. Онда бизнес үшін жүйелі мәселелерді шешу шаралары әзірленеді. Тек осы жылдың өзінде форум нәтижесі бойынша 40-тан аса осындай мәселе шешімін тапты. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылдан бастап субсидия беруге негіз болған ауыл шаруашылығы техникасының шекті құны туралы мәліметтерді жаңартпаған. Салдарынан шаруалар өздерінің шығындарына болмашы ғана төлемдер алып отырған. Біздің бастамамыз бо­йынша шаруалар пайдаланатын ауылшаруашылық техникасының 58 түріне шекті баға қайта қаралды. Жарнама үшін салық салу практикасы, заңсыз мониторингтер жүргізу, жеке кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығару қысқартылды, бөлшектеп сату саудасы үшін орындар белгіленіп, осы тәріздес көптеген жұмыс атқарылды.

– Қазір қоғамды толған­ды­ратын тақырыптардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару. Бұл, әрине, заң бойынша жабық тақырып және оларды жариялауға жол беріл­мейді. Дегенмен қайтарыл­ған активтердің жалпы көлемі туралы білгіміз келеді. Осы қаражат есебінен қандай әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр?

– Расында да, бұл – прокуратура қызметінің ең өзекті бағыт­та­рының бірі. 2023 жылдың шіл­десінде Парламент осы жұмыс­тың негізін қалаған заң қабыл­дады. Бас прокуратурада активтерді қайтару жөніндегі дербес комитет құрылды. Бұл – Үкімет жанындағы комиссияның жұмыс органы. Комитетте заңгерлер, экономистер, банк саласының, өзге де бағыттардың мамандарының кәсіби ұжымы жұмыс істейді. Олар экономиканың әртүрлі саласына қатысты көптеген құжатқа талдау жаса­лып жатыр. Бұл – үлкен қажыр­­лы еңбек.

Активтерді қайтару жұмысы заң қабылданғанға дейін басталғанын білесіздер. Бүгінгі таңда активтер шамамен 2 трлн теңге сомасында қайтарылды. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында активтерді қайтару субъектілерінің әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға қатысулары қажеттігін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Үкімет жанындағы комис­сия отырысында активтерді қайтару субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық қаласында 120 орын­дық дарынды спортшы бала­ларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда 400 орындық ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы құрылысы мақұлданды.

Қазір Бас прокуратура комитеті 18 млрд теңгеден аса сомаға 7 әлеуметтік жобаны іске асыру туралы келісімдер жасасты. Сондай-ақ Үкімет Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облы­­сының Темірлан ауылында музыка мектебін, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы бала­бақша мен Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу туралы шешім қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

Ашық сот азаматтардың сенімін нығайтты

– Қылмыстық-құқықтық салада кейін­гі жылдары елеулі өзгеріс­тер болды. Прокуратура­ның бұл тұрғыдағы рөлі жаңғыр­тыл­ды. Осы бағытта атқарылған жұмыс нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз…

– Бұл саладағы реформалардың барлығы мемлекеттің конститу­ция­лық құндылықтарын қорғауды күшейту үшін жасалып жатыр. Қылмыстық-құқықтық жүйені кешенді түрде жаңғырту қолда­ныс­тағы қылмыстық, қылмыс­тық-процестік және қылмыстық-атқару заңнамаларын қабылдай отырып, он жыл бұрын жүргізіл­ген еді. Заңнамалық базаны және құқық қолдану практикасын одан әрі жетілдіру 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырым­да­ма­­сында белгіленген бағыттарды еске­ре отырып, Президент қойған мін­деттер шеңберінде жүргізілді. Сонымен қатар заңнамалық база кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді, жаңа көзқарастарды ескере отырып, сот және құқық қорғау практикасы да қалыптасты.

Реформалаудың пәрменді қадамы ЭЫДҰ елдерінің тәжіри­бесі бойынша қылмыстық про­цес­тің үш буынды моделін енгізу болмақ. Ол не дейсіз ғой? Мәніне тоқталып өтейін. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында сотқа дейінгі кезеңдегі проблемалар туралы айтқан. Біріншіден, бұл тергеп-тексеру органдарының жұмысында айыптауға бейімділіктің басым болуы, азаматтарды қылмыстық қудалау аясына жөнсіз тарту орын алғаны белгілі. Ең басты қателік – жедел қызметкерлер мен тергеушілер негізгі міндет қыл­­мыс­ты ашу ғана деп пайымдайтын басшылардың қол астында жұмыс атқарғаны.

Сондай-ақ прокурорлық қадаға­лау кешеуілдеп басталатын, прокурорлар іспен тек сотқа жіберер алдында ғана танысатын. Осыған орай 2021 жылдан бастап қылмыстық процестің жаңа моделіне көшу басталды. Бұл тұрғыда тергеу органдарының, прокуратураның және соттың жауапкершілік деңгейі нақты айқындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары күдіктілерді анықтайды, олар­дың кінәсін дәлелдеуге айғақ­тар жинақтаумен айналысады. Прокуратура жинақталған мате­риал­дарға баға беріп, тергеп-тексерудің түйінді шешімдерін бекітеді, егер дәлелдер жеткілікті болса, істі сотқа жолдап, айыптауды қолдайды. Сот істі қарап, үкім шығарады. Қазіргі уақытта қылмыстық процесс осы жүйе бо­йынша жұмыс істейді.

Ең бастысы, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы сатысында адамдарды тергеу органдарының негізсіз шешімдерінен қорғайтын қосымша құқық қорғау қалқаны қалыптасты. Қылмыстық қудалау органдарының прокурордың келі­сімінсіз шығарған шешімдерінің заңды күші мен құқықтық салдары болмайды.

Үш буынды модельді іске асыру кезінде «прокурорлық сүзгіден» шамамен 1,5 млн тергеу шешімі өтті. Күдіктілер мен жәбірленушілердің құқықтарына қатысты 112 мыңнан аса заңсыз процестік актіні қабылдауға жол берілмеді. Прокурорлар 8 мыңнан аса адамның қылмыстық жауапқа заңсыз тартылуының алдын алды.

Кейінгі үш жылда прокурорлар сыбайлас жемқорлық, адам өлтіру және басқа да аса ауыр қылмыстар бойынша айыптау актілерін өздері жасайды. 2026 жылдан бастап алдын ала тергеп-тексеру аяқтаған барлық іс бойынша айыптау актілері прокуратураға беріледі. Мұнда «Үш буынды модельді енгізу арқылы қандай өзгерістер болды?» деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, әуре-сарсаңға салу азайды, шешім қабылдау онлайн-режімге көшірілді. Нәтижесінде, жөнсіз қағазбастылық тоқтатылды, цифрлық технология барынша толығымен қолданылып жатыр. Тіпті бірқатар процестік іс-әрекет Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі жүйесі арқылы жүзе­ге асырылады. Мысалы, сарап­тамалар тағайындалады, анық­та­малар, қорытындылар алынады. Осы­лайша, адам құқығын қорғау күшейтіліп, тергеп-тексеру сапасы арта түсті.

Мәселен, тергеу органдарының жұмысына шағымдану төрттен бірге қысқарды (өткен жылы 1 707 болса, биыл – 1 299). Тергеп-тексеру сапасының төмендігіне шағым­данған соттардың жеке қаулылары да айтарлықтай азайды (2 073-тен 1 407-ге). Прокурорлар мен соттар заң бұзушылықтар мен қателіктер азайғандықтан тергеу органдарына істерді сирек қайтаратын болды. Атап айтқанда, осы жылы соттар – 433, өткен жылы 1 247 іс қайтарған, ал прокурорлар биыл – 614, былтыр 637 істі қайтарған.

Тағы да бір маңызды мәселеге тоқталып өтсем деймін. Адвокат­тар, жәбірленушілер, олардың қорғаушылары және қылмыстық процеске басқа да қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тең дәрежеде қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тергеу­шілер қылмыстық істің материал­дарына өздері ғана «қожайын» емес. «Жариялы сектор» порталын енгіздік, бұл арқылы қажетті процестік құжаттармен қашықтан танысуға және алуға болады.

Жүзеге асырылып жатқан жаңа өзге­ріс­тердің дұрыстығын Конституциялық сот растады. Биыл 29 мамырдағы шешімінде прокуратура қызметінің Конституцияда айқындалған барлық бағыты нақты қылмыстық процесте көрініс тап­қанын атап өтті.

– Кейінгі уақытта ашық сот процестері мемлекеттік айып­таушыға жүктелген міндеттердің күрделілігін және прокурордың жауапкершілік деңгейін көр­сетті. Тіпті адамдар үшін бұл жаңа­лық болды және жұрт мемле­кеттік айыптаушының шеберлігін байқады. Әрине, прокурорлар үшін бұл – күнделікті әдет­тегі жұмыс. Мемлекеттік айыптаушының соттағы рөлі қандай? Прокурордың айыптау­дан бас тартқан жағдайы болды ма?

– Сіз дұрыс атап өттіңіз, шын­дығында қоғамда, әсіресе, жас­тар арасында сот процесіне, оның ішінде судья, қорғаушы, сарап­шының жұмысына және мемлекеттік айыптаушыға деген қызығу­шылық артты. Өйткені резонансты қылмыстық процестер онлайн көрсетіліп, оларды көрген адамдардың саны рекордтық қара­лымға жетті. Оның ішінде шетел­діктер де бар.

Адамдар адвокаттардың жәбір­лену­шілерді, сотталушыларды қалай қорғайтынын, прокурор­дың сөйлегенін қызығушылықпен бақылап отырды, жекелеген жайттар мен ерекшеліктерді байқады. Мысалы, мемлекеттік айыптаушы процесс кезінде тергеушілер жина­қ­таған материалдарды ғана бас­шылыққа алмайтынын, сот тал­қы­лаулары барысында кінә­нің қосымша дәлелдері айтыла­тынын және кінәсінің жоқтығы дәлелденетінін көрді. Прокурор­лардың қатысуымен жылына шамамен 30 мың қылмыстық іс қаралады.

Мемлекеттік айыптаушының бас­ты мақсаты – әрбір іс бойынша әділ шешімге қол жеткізу, сот төрелігінің жүзеге асуына ықпал ету. Сондықтан ол істі өзі де қосымша зерттеп, сотқа барлық дәлелдемені ұсынуы керек. Мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына тәуелсіз. Егер де дәлелдердің жоқтығына немесе дәлелдемелер айыпталушы құқығын бұза отырып алынғанына көзі жеткен болса, сотта айыптаудан бас тартады. Бұл қылмыстық істің тоқтатылуына және сотталушының толық ақта­луына алып келеді. Мұндай жағ­дайлар көптеп кездеседі. Кейінгі үш жылда прокурорлар 22 адамға қатысты айыптаудан бас тартты. Прокурорлар кейбір заңсыз сотталғандардың ақталуына ықпал етті. Тек осы жылдың өзінде Бас прокурордың наразылығымен 10 адам толықтай ақталды.

Сонымен қатар прокурорлар соттың негізсіз ақтау үкімдерін шығаруына да ден қояды. Мыса­лы, осы үш жыл ішінде жасал­ған қылмыс үшін жазаның бұлтарт­пас­тығын қамтамасыз ете отырып, біз бұрын ақталған 193 адамды жоғары тұрған сот саты­ларында қаралып, сотталуына қол жеткіздік. Мәселен, Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы сот жас өгей қызына қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасағаны үшін айыпталған К-ге қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. Жаңа сот талқылауларының қорытындысы бойынша ол ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, мемлекеттік айыптау­ды қолдау жоғары кәсібилікті, шешендік шеберлікті, кездейсоқ жағдайларда тез шешім қабылдай білуді талап етеді. Осы кәсіби шеберліктерді дамыту үшін біз жыл сайын Жоғарғы соттың, Респуб­ли­калық адвокаттар алқасының, танымал заңгерлер мен ғалымдардың қатысуымен мемлекеттік айыптаушылар форумын және «Үздік мемлекеттік айыптаушы» конкурсын өткіземіз. Олардың арасынан үздіктерді анықтаймыз. Сол арқылы сотта қылмыстық істерді қарау проблемалары мен басқа да өзекті мәселелерді талқылаймыз. Сонымен қатар қызметкерлерге арнайы тренингтер ұйымдастырамыз.

– Өткен сұхбатыңызда азаптауларды прокурорлардың тергеп-тексеру практикасы туралы айтып едіңіз. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауларға жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылады?

– Біз азаптаулар мәселелеріне өте қатал қараймыз. Пенитенциярлық жүйеде азаптаулардың алдын алуға ерекше назар аударылған. Соттал­ған­дардан қатал қарау туралы келіп түскен кез келген хат-хабар азаптау­лар тұрғысынан ғана қаралады.

Кезекші прокурорлар мекемелерге күнделікті барып тұрады, жос­парсыз тексерулер, оның ішінде түнгі уақыттарда да жүргізеді. Сот­­тал­ғандардан анонимді сауал­­­нама алу практикасын енгіздік. Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық 78 мекемесінде жаппай бейнебақылау орнатылған. Прокурорлар қашықтық режімде, шамамен, 40 мың бейнекамера жұмысына мониторинг жүргізеді. Электрондық өтініш беру терми­нал­дарының саны екі есе артты. Олар асханалар мен отрядтарда орналасқан. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде мұның 612-сі бар. Осынау жұмыс нәтижесінде биыл азаптау факті­лерін тіркеу бойынша істер 24-тен 5-ке азайды, мекемелерде азаптау­лар бойынша 17 адам сотталды.

Конституциялық сотпен өзара жұмыстың септігі

– 2022 жылдан бастап елімізде конституциялық әділеттің жаңа институты енгізілді. Бұл – Конс­ти­ту­циялық сот. Бас прокура­тураның осы органмен өзара іс-қимылы туралы айтып өтсеңіз.

– Сұрағыңыз өзекті. Конститу­цияның үстемдігін қамтамасыз ету үшін біз Конституциялық сотпен тығыз байланыстамыз. Азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруда көзқарасымыз ортақ, конституциялық әділет пен жоғары қадағалау міндеттері өзара ұштасып жатыр. Бұл деге­німіз, Конституциялық сот – Конс­­титуцияны ресми түрде түсін­діре отырып, конституциялық заң­ды­лықты, заңдарды, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, халықаралық келісімдерді ратифи­кациялауға дейін тексеруді қамта­масыз етеді.

Прокуратура органдары ел аумағында жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Оның негізгі мәні – заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Прокуратура қадағалауды жүзеге асыру кезінде, ең алдымен, нормативтік-құқықтық актілерді, өзге де шешімдерді және әрекеттерді конституциялық және заңдылық тұрғысынан зерделейді. Бұл ретте прокурорлар наразылық, ұсыну, нұсқау беру сияқты ден қою актілерінің алуандығымен ерекшеленеді. Заң бұзушылықтар анықталған, оның ішінде Ата заң талаптары бұзылған жағдайда дер кезінде жою мүмкіндігі зор.

Заңнамаларға қайшы келетін құқықтық актілер шығарылған кезде прокурорлық ден қою жолымен мемлекеттік органдардың алдына олардың күшін жою немесе өзгеріс енгізу туралы мәселе қоямыз. Ал егер олар келіспеген жағдайда сотқа жүгінеміз. Осылайша, мем­лекеттік органдардың 1 440 шеші­мі өзгертілді, оның ішінде 267-сі нормативтік-құқықтық сипатта, олардың 25-і әділет органдарында тіркелген. Мысалы, Абай облысында прокуратура наразылығымен облыстық мәслихат шешіміне түзетулер енгізілді және тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізбесіне ауған соғысының арда­гер­лерімен бірге басқа мемлекет аумағындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері қосылды. Заң бойынша жеңілдікке құқықтары бола тұра олардың деректері тізбе­ге енгізілмеген.

Енді қадағалаудың аталған тетік­терімен қоса бізде тағы да бір пәрменді құрал – Конституциялық сотқа жүгіну бар. Осы жылы Бас прокурордың екі өтінішхаты бойынша Конституциялық сот өзінің қорытынды шешімдерін шығарды. Конституциялық сотпен конституциялық іс жүр­гізудің барлық сатысында ынты­мақ­тас­тық­та жұмыс жүргізіп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Конституциялық соттың жекелеген шешімдерін орындаудағы прокуратура жұмы­сына тоқталып өткім келеді. Бұл қоғамдық өмірдің барлық саласымен байланысты. Мысалы, Әкім­шілік құқық бұзу­шы­­лық туралы кодекске сәйкес қысқартылған тәртіпте әкімшілік жазаларды қолдануға сот тәртібінде шағымдануға мүмкіндік болмаған. Конституциялық сот өзінің қаулы­сын­да азаматтардың сотта мұндай жазаларға шағымдану құқығы бар екенін атап көрсетті.

Конституциялық соттың құ­қық­тық нұсқауларын орындау үшін прокуратура органдары қада­ғалау тәртібінде шаралар қабыл­дады. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бо­йынша қайта қарауды қоспағанда, қысқартылған тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға жалпыға бірдей белгіленген ережелер бойынша шағым жасалмайды. Алайда Кодексте жаңа дәлелдер бойынша қайта қарауға жататын құжат­тар тізбесінде қысқартылған тәртіп­пен шығарылатын қорытын­ды актілер қамтылмаған. Сол себеп­ті Конституциялық сот өзінің түсін­дірмесімен осы қорытынды актілерге жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шағымдануға мүмкіндік берді.

Конституциялық соттың құқық­­­­­тық нұсқауларын орындау үшін прокуратура органдары қада­ғалау тәртібімен шаралар қабыл­дады. Мәселен, Шым­кент қаласында прокуратура әкімшілік құқық бұзушылықтарды қыс­қар­тылған тәртіпте дұрыс қолдан­баған 3 фактіні анықтады және Конституциялық соттың №12 қау­­лысына сәйкес азаматтарға жа­ңа­­дан ашылған мән-жайлар бо­йынша істерді қайта қарауға құқық­­та­рының бар екенін түсін­дірді.

Жамбыл облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандарға қатысты қысқартылған тәртіпте енгізілген әкімшілік жазалар бойынша 5 наразылық енгізді. Облыстық полицияның уәкілетті бөлімшесі Конституциялық соттың шешімін басшылыққа ала отырып, аталған әкімшілік жазалардың күшін жойды.

Солтүстік Қазақстан облысында өз денесіне зақым келтіргені үшін сотталған адамға тәртіптік жаза заңсыз тағайындалған. Бұл №37 нормативтік қаулыға қайшы. Мұндай әрекет режімді бұзуға бағытталмаса, сотталғанның өз пікірін білдіруінің бір тәсілі ретінде қаралады. Про­ку­ра­тура жазаның күшін жойды және кінәлі адамдарға қарсы тәртіптік іс жүргізуге бастамашылық жасады.

Қайталап айтсам, біздің негізгі мақсатымыздың бірі – Консти­ту­циялық сот қолдаған жеке тұл­ғаның өзінің құқықтарына қол жеткізе білуі және осындай істер бойынша басқа да азаматтардың құқықтарын қорғау.

– Берік Ноғайұлы, енді прокуратура қыз­меткерлері туралы сұрағым келе­ді. Сіз қадағалау қызме­тінің барлық сатысынан өттіңіз. Прокурорлардың жаңа толқы­нына қандай баға бересіз? Олар­дың қандай іскерлік қасиет­терін атап өтер едіңіз?

– Сауалыңыз менің алғаш прокуратураға келген жастық шағымды есіме түсірді. Әрине, ол кезде заман бөлек еді ғой. Алайда прокуратура үлкен өмір мектебі болып қала берері даусыз. Бұл салада қызметкер өзінің кәсіби еңбек жолында қылмыстық, азаматтық заңнаманы жетік меңгерген, заң саласының барлық бағыты бойынша сот процестеріне қатыса алатын, сөзге шешен толыққанды заңгер болып қалыптасады.

Прокуратураның барлық қада­ғалау функциялары қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын бекітуге, жоғары конституциялық құн­ды­лық­тарды – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғауға бағытталғанын тағы да атап өткім келеді.

Сонымен қатар қадағалау прак­­­тикасы арқылы прокурорлар ағарту­­шылық жұмыстарға және қоғамда заң мен тәртіпті құрметтеу мәде­ниетін қалыптастыруға белсен­ді қатысады. Бұл мәселе біздің қоғам үшін стратегиялық маңызы зор, сондықтан осы бағытта тығыз жұмыс істейміз.

Әрине, прокуратурада жұмыс істеу өте күрделі, қызметкерлерден барынша жинақылықты, жауапкер­шілікті және ұтқырлықты талап етеді. Әрбір прокурордың кәсіби дамуына және жалпы прокура­тураның беделін нығайтуға инсти­туционалдық жадыны сақтау маңызды. Сонымен қатар қадаға­лау жұмысының жоғары сапасын қам­тамасыз етуге прокуратура қыз­меткерлерінің барлық буыны­ның терең тәжірибесі арқылы жинақ­талған бай тәжірибе ықпал етеді.

Қазіргі жастар алғыр, білімді, көптеген тілді меңгерген, ІТ-технологияларды жақсы игерген. Адам бойындағы бұл қасиет­тер құқық қорғау саласында да маңызды. Себебі жасанды интеллекті пайдалануға бай­ланысты жаңа қауіптер мен криминалдық қатерлердің туындап отырғанын көріп отырмыз және оларға жылдам, салмақты түрде ден қоя білу, заңдылықты қамтамасыз етуде инновациялық тәсілдерді жасап, енгізе білу қажет.

Осындай жоғары білікті кадр­лық құрам Әділетті Қазақ­стан­ның іргесін нығайта түсуге лайықты үлес қоса алады. Бұл еліміздің болашағы үшін страте­гия­лық маңызы бар мәселе және біздің тарапымыздан бұл тұр­ғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осындай жас мамандарды іріктеуді барынша қолға алып отырмыз. Бас прокуратураның академиясы қазіргі уақытта бастапқы даярлықты жүргізеді. Болашақ қызметкерлерімізді жұмыстың санқырлылығын ескере отырып, оларды қадағалау жұмысына жан-жақты үйретудеміз. Курстарды аяқтағаннан кейін олар қызметке дереу тағайындалып, өздерінің алғашқы шендеріне де ие болады.

Прокуратура жұмысы жеңіл емес, бұл жолда адам жинақы, қағи­датшыл, жауапкершілігі мол, шапшаң және икемді болуға тиіс. Прокуратура күні қарсаңында барлық жеке құрам мен прокуратура ардагерлеріне мықты денсаулық, толағай табыс және отбасына бақ-береке тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Другие новости

Back to top button