Тоқаев үкіметке Маңғыстаудағы жолдарды жөндеуді тапсырды

7 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртымен кездескенде үкіметке өңірдегі жолдарды жөндеуді тапсырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Оның сөзіне сенсек, аймақ тұрғындарының облыстық деңгейдегі жолдарға шағымы көп.
– Автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға ерекше мән береміз. Мен бұған дейін Бейнеу – Шалқар тас жолы құрылысы маңызды екенін айтқан едім. Жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Үкіметке құрылысты бастауға қажет құжаттарды жедел дайындауды тапсырамын. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық – Шетпе жолдарын жөндеуге ендігі жылдан бастап кірісуі керек, – деген президент.
Мемлекет басшысы халық аймақ дамып жатқанын жиналыстарда емес, күнделікті өмірде көріп, сезінуі қажет дейді.
– Азаматтар дамудың нәтижесін жиналыстарда емес, күнделікті өмірде көріп, сезінуі қажет. Сондықтан экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін облыстың инвестициялық әлеуетін арттырған жөн, – деп қорытындылады Тоқаев.