Тоқаев футбол клубтарын жекеменшікке беру мәселесін көтерді

Қазақстанда футболды дамыту жергілікті командаларды жекешелендіру мәселесі арқылы ғана шешіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек», — дейді Тоқаев.
Ол өз сөзінде шетелдік спортшыларды шақыру қандай жағдайда мүмкін екенін қозғап өтті.
«Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.
Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ, бұл – жеткіліксіз.
Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын», — дейді мемлекет басшысы.