Тоқаев: Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында реформаларға тоқталып, әділет туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тоқаев әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын айтып, мұның Қазақстанға да қатысы бар екенін жеткізді.
«Қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі өте төмен болғаны рас. Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы», — деді мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады.
«Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?», — деді президент.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты.
Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты. Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бұдан бөлек екінші, тіпті үшінші АЭС салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтып, Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпаратқа нүкте қойды. Сондай-ақ 2024 жылы болған су тасқынына тоқталды және Ақтаудағы ұшақ апаты туралы да айтты. Әрі мемлекет басшысының сыртқы саясатқа баса мән беретінін меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгімеге жауап берді.
Сонымен қатар президент «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы айтты және теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кеткеніне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ жастарға сенетінін айтты.