Интервью

«Толық тәуелсіз ел болу үшін ақпараттық қауіпсіздік жоғарғы деңгейде болуы керек»

Нұрбек Ізбасар - IT маманы

Қазір адамзат баласы жаһандану кезеңіне аяқ басқалы бері ғасырлар бойы орныққан таным-түсінік те, өмір сүру салты да күрт өзгеріп барады. Бұл – бір жағынан уақыт талабы болса, бір жағынан ғылыми техникалық революцияның өркен жаюымен тығыз байланысты мәселе. Сонымен қатар компьютердің адам өміріне енуі арқылы пайда болған жаңа салалар мен жаңа мамандықтар да жетерлік. Соның ішінде ең көп таралғаны – программалау.

Осы орайда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Математика және компьютерлік модельдеу» мамандығын бітірген программист, IT маманы, Канаданың Phelix.ai компаниясында қызмет істейтін Нұрбек Ізбасармен сөйлескен едік. Әңгіме барысында ақпараттық қауіпсіздік пен web-технология жайлы ой өрбіттік.

— Нұрбек, сұхбатымыздың басын «программалау дегеніміз не, web-технология дегеніміз не, оның жалпы күнделікті өмірдегі маңызы қандай?» деген қарапайым сауалдан бастағым келіп отыр…

— Қарапайым тілмен айтқанда программалау немесе бағадарламалау дегеніміз – компьютерге немесе басқа электронды есептеуіш құралдарына орындалуы керек тапсырмалар тізімін жазу. Тапсырмаларды бірден немесе белгілі бір оқиға болғаннан кейін орындатуға болады. Программист тапсырмаларды өзіне де түсінікті болатын және компьютерлер оңай оқи алатын тілде «кодтайды». Сондықтан тапсырмалар тізімін «код» деп атайды. Оқырманға түсінікті болуы үшін айтайын, код немесе кодтау тек бағдарлама жазуда қолданылатын ұғымдар емес. Мысалы, көбімізге мәлім «Азбука Морзе» де хабарламаларды ұзақ қашықтыққа жеткізу үшін қарапайым әріптерді қысқа әрі ұзақ сигналдарға «кодтау» болып есептеледі. Дәл осы қажеттілік web-технологиялардың дамуына да негіз болды, себебі web-технологиялар дегеніміз – жер шарында кез келген қашықтықта орналасқан компьютерлер мен адамдарды байланыстыруға арналған құралдар мен технологиялар жиынтығы. Ал әр адамға web-те болуға мүмкіндік беретін ең танымал бағдарлама бұл – браузер.

— Қазіргі қызметіңіз туралы айтап өтсеңіз? Не үшін дәл осы саланы таңдадыңыз?

— Қазіргі жұмыс орным – Канаданың Phelix.ai компаниясы. Компанияның мақсаты – web пен жасанды интеллект технологияларын ұштастырып, медициналық орталықтарға, клиникаларға өз қызметтерін ыңғайлы және тиімді орындауға мүмкіндік беретін бағдарламалар құрастыру. Мен негізі бұл саланы емес «мұхиттың арғы жағындағы» жұмыс тәжірибесін таңдадым. Бірақ қазір шетелдік компанияда елде тұрып-ақ, онлайн жұмыс істеп жатырмын. Біздің саламыздың ең үздік мамандары сол жаққа ұмтылатыны белгілі. Мен де сондай ірі компаниялар мен білікті мамандармен тәжірибе алмасу өте пайдалы деп есептеймін. — Шетелдік компаниядағы қызметіңіз қандай? Фронтенд-программист болып жұмыс істеймін.

— Ал оның басты міндеті не?

— Фронтенд-программистің басты міндеті – ең алдыңғы қолданушының интерфейсын дайындау. Көбіне бұл – графикалық интерфэйс. Web бағдарламалау аясында айтсақ, қолданушылардың браузер арқылы көретін сайттары немесе қосымшалары. Барлық жазулар, кнопкалар, сілтемелер және әдемі суреттер және т.б. – барлығы фронтенд-программист жұмысы.

— Осыған дейін қазақстандық компанияларда жұмыс істеп көрдіңіз бе? Біздегі және шетелдік компаниялардың арасында қандай айырмашылықтар бар екен?

— Иә, осыған дейін отандық екі компанияда жұмыс істеген тәжірибем баршылық. Шынымды айтсам, істейтін жұмыстың өзінде көп айырмашылық жоқ, бірақ шетелдік компанияларда мүмкіндік болса, дайын сервистерді көп қолданады. Мысалы, деректер қоры, файлдарды сақтаушы, серверлерді масштабтау және үзіліспен қызмет істеу жұмыстары қиын және қауіпсіздіктің жоғарғы деңгейде болуын талап етеді. Олар үшін арнаулы дайын сервис қолданудың көп артықшылықтары бар.

— Қазақстандағы IT саласында қандай проблемалар бар деп ойлайсыз? Біздегі ақпараттық технологиялар нарығында кадр жетіспеушілігі неден туындап отыр? Байқасаңыз, бізде шетелдік компанияларға ауысып кетушілер көп.

— Өкінішке қарай, біздің елімізде жоғарыда айтылған сервистердің қолданылу практикасы өте сирек. Бұл проект талаптарына арналған сервистердің Қазақстан территориясында жоқ болуынан немесе оның жұмыс істемеуінен туындауы мүмкін.Не болса да, мұндай сервистердің қажеттілігі қазіргі таңда айқын сезіледі. Менің ойымша, отандық компанияларда оларды қолдануды арттырып, бар энергия негізгі идеяны іске асыруға, жақсартуға жұмсалуы керек. IT бизнесі – жаһандық бизнес, сондықтан программаға сай талаптар және қызметкерлердің жұмыс жағдайы әлемдік деңгейде болуы керек. Егер мысалы, қазақстандық компанияның ұсынатын жалақасы шет елдердің ұсынатын жалақысынан бірнеше есе аз болса, ол компанияға қызметкерлерді ұстап тұру қиын болмақ. Бірақ аталған мәселе көп жағдайда компанияның ғана проблемасы, сол себепті бұл Қазақстанда «бәрі жаман» дегенді білдірмейді.

— Web-технология жайлы сөз болғанда, ең әуелі web-сайттарды жасау ісін айтамыз. Өзіңіз білетіндей, бізде ақпараттық салада медиа сайттар өте көп. Олардың киберқауіпсіздігі, базаларының тұрақтылығы қалай сақталып отыр?

— Қауіпсіздік бір-ақ рет қана орындалып қоятын сала емес. Белгілі бір уақыт сайын қауіпсіздік технологиялары, алгоритмдері жаңартылып, жаңа талаптарға сай орындалып отырады. Оған қоса қауіпсіздіктің маңызды бөлігі – әрине, заңды талап. Ол үшін мемлекеттік заңда кибер заңбұзушылық жазасының қатал болуы шарт. Қазіргі жаһанданып жатқан заманда кез келген жүйені оп-оңай бұзуға болады. Мәселе тек бұған тәуекел еткен адамның іс-әрекеті қалай «ақталатынында». Мұндай комплексті қорғану амалдарын үзбей орындап отыру – әрине, оңай емес. Алайда біздің елде киберқорғаныспен жеке кәсіп ретінде айналысатын бірнеше компания бар. Олар өз ісінің жақсы маманы болуымен қатар, еліміздің кибер саласында қызмет етіп жүрген, кибертерриториямызды қорғап жүрген мықты азаматтар. Мен өзім сол компаниялардың бірнеше маңызды инфоқұрылымға жасалған шабуылдың алдын алғанын естідім.

— Шыны керек, программалау саласында жүрген жастардың арасынан қазақтілді маман табу қиынға соғып отыр. Көбі не ағылшын тілді, не орыс тілді болып келеді. Неліктен қазақ тілі қазіргі ғылымның, технологияның тіліне айналмай отыр?

— Мойындауымыз керек,ғылымның, технологияның тілі – қазір тек ағылшын тілі. Орыс тілі емес, ағылшын тілі. Оның үстіне әр елдің де, әлемнің де ең үздік мамандары өз еңбектерін, ғылыми мақалаларын ағылшын тілінде ғана жариялауға тырысады. Ал Қазақстандағы IT компаниялардың жұмысын қазақша жүргізбейтініне келер болсақ, ол – өзіміздің ішкі проблемамыз. Яғни, тек IT емес, басқа да саладағы компанияларды қарасаңыз, көбі жұмысын, қызметін көбінесе орыс тілінде ғана жүзеге асырады. Сондықтан бұл сұраққа келіспейтін тұстарым да бар, нақты жауап та бере алмаймын.

— Америкалық менеджмент-маман Льюис Д. Эйгеннің 1961 жылы айтқан «Жақында жұмысшылардың тек екі тобы қалады: компьютерді басқаратындар және компьютер оларды басқаратындар. Сондықтан бірінші топтан қалмауға тырысыңыздар» дейтін сөзі бар. 61 жыл өтіпті: Льюистың айтқаны дәл екен деп айта аласыз ба?

Әрине, қазіргі таңда компьютердің адамның күнделікті тіршілігіне интеграциясы орасан зор. Барлық салада да солай, оның араласпаған жері қалмады десем де болады. Тіпті медицина маманы болып жұмысқа тұратын кезде де сіздің компьютерлік сауаттылығыңыз міндетті түрде ескеріледі. Қарапайым өмір сүру жағдайында да үйімізге нешетүрлі ақылды технологияларды орнатамыз. Технологияның қарыштап дамып келе жатқаны сонша, бүгінгі күні өзі жүретін көліктер де жаңа нәрсе емес болып қалды. Жалпы өз басым адамдардың компьютерлік сауаттылығы жылдан жылға тек арта беретініне сенемін. Өйткені бұл – уақыт талабы. Дегенмен де, жұмыстың барлығы компьютермен байлынысты болуы керек дегенге келіспеймін.

— Қазіргі жас буынның өкілі ретінде пікіріңді білгім келеді. Қалай ойлайсыз, Қазақстан алдағы уақытта технократиялық ел болуы үшін қандай қадамдар жасауы керек? Мемлекет тарапынан неге көңіл бөлген жөн?

— Өте жақсы сұрақ. Бүгін кез келген ел толық тәуелсіз болуы үшін оның ақпараттық қауіпсіздігі жоғарғы деңгейде болуы керек. Ел тұрғындарының ақпараттары қайда кетіп жатыр және қалай қолданылып жатыр деген мәселе осы қоғамды өмір сүретін қазақстандық азаматтарды алаңдатуы керек. Сондықтан өзіміздің сапалы бағдарламаларымызды дамыту арқылы күнделікті қолданыстағы шетелдік бағдарламаларды, мысалы, такси, карта, тапсырысты жеткізу сияқты тұтыну қызметтеріндегі бағдарламаларды шетке «ысырып» тастауымыз керек. Одан бөлек мемлекет ІТ білім беру сапасын жақсартуға күш салып, ғылымдағы жаңа салаларға қаржылай көмектескенін қалаймын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Дереккөз:  inform.kz

 

Другие новости

Back to top button