«Төбесі құлауға шақ тұр»: Семейде апатты деп танылған жатақхана тұрғындары наразылық білдірді
Семейде апатты деп танылған жатахана тұрғындары наразылық білдірді. Жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттың қабырғалары қақырап, төбесінен су сорғалап тұр. Тіпті кірпіштері үгітіліп, шетінен құлап жатыр. Үйінді астында қаламыз ба деп үрейленген жұрт басқа баспанаға көшіруді сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
51 жыл бұрын тұрғызылған қос қабатты жатахананың қазір тас-талқаны шығып жатыр. Екі жыл бұрын апатты деп танылған екен. Дегенмен барар жер, басарға тау таппаған сегіз отбасы жанын шүберекке түйіп отыр. Жатақхананың қабырғасы жарылып, кірпіші үгітіліп кеткен. Төбесі әне-міне құлауға шақ тұр. Әбден ескірген екі қабатты ғимарат бір күні жермен-жексен бола ма деп қорқады тұрғындар.
Бұл жатақхана кезінде Семей былғары-мех зауытында жұмыс істейтін қызметкерлерге салынған екен. 50 жылдық тарихы бар ғимаратты 2021 жылы арнайы комиссия адам тұруға қауіпті, апатты деп таныған. Сол тұста осы үйдегі 14 отбасының жартысы пәтер жалдап бас сауғалап кеткен. Ал барар жері жоқ сегіз отбасы қирандының ортасында қорқынышпен күй кешуде.
Екі жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар көмек қолын созатын бір адам таппадық дейді. Ал атқамінерлер жұрттың өзін кінәлап отыр. Себебі, уақтылы күтім жасап, кем-кетігін жасамаған дейді. Сондықтан қабырғасы қарс айырылған үйде тұрғысы келмейтіндер пәтер жалдап көшіп кетсін дегенді меңзеді.
«Бұл үй 2021 жылы ресми түрде апатты үй болып танылды. Қазір тұрғындар үй кезегінде тұр. Заң талабына сәйкес, бірден баспана бере алмаймыз. Өйткені олардың алдында сол санат бойынша тұрғын үйі кезегінде тұрғандар бар. Егер тұруға жарамсыз болса, пәтер жалдасын», — деді Семей тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ләйлә Әбілқайырова.
Осылайша жауапты мамандар әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін дөп басып айта алмады. Бір анығы, бәріне бере салатын дайын баспана жоқ. Сондықтан тұрғындар қабырғасы қаусаған жатақхананы жағалай тұрады.