Мангистауская область

«Төбелестен соң полицейлер бәрін босатып жіберген»: Маңғыстау облысында кісі қолынан қаза тапқан 24 жастағы жігіттің жақындары әділдік іздейді

Маңғыстау облысында кісі қолынан қаза тапқан Рысбек Әлиевтің туыстары әділдік іздейді. Олар 24 жастағы жігіттің өліміне учаскелік полицейлер де кінәлі деп санайды. Сөздерінше, қылмысқа дейін тәртіп сақшылары қызметте әрекетсіздік танытты. Соның салдарынан бауырынан айырылып қалғанын айтады. Бұл іс бойынша екі адам денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін он жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстаулық Жолдыбек Әлиев туған інісінің қазасына полицейлерді кінәлап отыр. Айтуынша, 24 жастағы Рысбекті отырыста жігіттер соққыға жыққан. Жанжалға полиция араласып, қоғамдық тыныштықты бұзған үш адамды бөлімшеге алып барған екен. Марқұмның туыстары тәртіп сақшыларының жігіттерді татуластырып, босата салғанын ақылға қонымсыз деп отыр.

“Масаң күйде болған жоқ. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бір-бірімен татуластырдық, бір-біріне арыз-шағымы жоқ деп шығарып жіберген. Шын мәнінде сол жерде болған күдікті Сыдықов сол жердегі қызметкер Сайран есімді танысына қоңырау шалып, босап шығып кеткен. Оны сондағы куәлар айтты”, – деді марқұмның ағасы Жолдыбек Әлиев.

Жігіттер полиция бөлімшесінен шығып, қаланың сыртында теке-тіресін жалғастырған көрінеді. Сөзінше, сол жерде екі жігіт Рысбекті тепкінің астына алған. Ауыр жарақаттан ол оқиға орнында көз жұмыпты.

Жоғары заңды қадағалаушы органдардан осы полиция қызметкерлерін тиісті жауапкершілікке тартуын талап етемін. Сол полиция қызметкерлерінің қызметтегі әрекетсіздігінен адам өлімі орын алып тұр, ауыр қылмыс болды”, – деді марқұмның бауыры.

Осы талаппен олар құзырлы органдарға арыз жазған. Тәртіп сақшыларына қатысты істі тергеген сыбалас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қылмыс құрамы анықталмай, іс қысқартылғанын мәлімдеді. Бірақ инспекторлар тәртіптік жазаға тартылған екен.

“Учаскелік полиция инспекторларының әрекеттерінде қызметтегі әрекетсіздік қылмыс құрамының анықталмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Сонымен қатар заңбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою мақсатында Маңғыстау облысы полиция департаментіне ұсыныс енгізіліп, полиция қызметкерлері тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиғадан кейін денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген айыппен екі азамат та 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

24 жастағы Рысбектің артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында оққа ұшқан ММА бапкерінің анасы тергеудің әділ өтуін талап етіп, желіге шыққан еді.

Другие новости

Back to top button