ТЖМ құтқарушылары кез келген төтенше жағдайға дайын – Шыңғыс Әрінов
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құтқарушылар биылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне сақадай сай екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, өңірлердегі арнайы және инженерлік техникалардың дайындығы «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде де тексеріледі.
«Алдағы су тасқыны кезеңіне жедел дайындық мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінен (ТЖМ, ІІМ, ҰГ, ЖАО) жеке құрамның жалпы саны 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралы бар күштер топтамасы құрылды. Министрліктің аумақтық бөлімшелерінен қосымша резервтік топтар дайындалды. Жалпы министрліктің құтқарушылары кез келген төтенше жағдайлар мен оқиғаларға ден қоюға дайын», — деді Әрінов Сенатта өткен үкімет сағатында.
ТЖМ қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылған. Бұл бөлімше табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылайды.
Сонымен қатар министрлік ықтимал су тасқынын жою тәсілін қайта қараған.
«Бірінші кезекте, біз қауіпті учаскелерге мониторинг жүргізіп, төнген қатерге дереу ден қоямыз. Аталған тәжірибе өрт қаупі кезеңінде қолданылған болатын. Осылайша Стратегиялық жоспарлаудың және шұғыл басқару командалық орталығы құрылды. Оның негізінде техногендік және табиғи апаттарды болжау, модельдеу және талдау үшін бірқатар цифрлық сервистер біріктірілді. Олардың бірі су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі — «TASQYN», — дейді ол.
Әріновтің айтуынша, TASQYN жүйесі су шығыны, өзендердің деңгейі бойынша ұзақ және қысқа мерзімді кезеңге болжам береді. Су тасқынын модельдеу нәтижелерінің дәлдігі мен дұрыстығы Қазгидромет болжамына және су қоймаларынан суды ағызу бойынша Қазсушар ұсынған деректерге, сондай-ақ жергілікті жер бедерінің цифрлық моделінің өзекті деректері мен батиметрияға байланысты болады.
«Біздің мамандар мен мүдделі мемлекеттік органдар күн сайын қар деңгейі, өзендердің жай-күйі және ауа райы туралы деректерді талдайды. Бұл ықтимал қауіпті учаскелерді ерте анықтауға, өзгерістерге жедел ден қоюға және алдын алу шараларын қабылдауға, сондай-ақ халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді ТЖМ басшысы.