Социум

TikTok әсері: Платформаның Қазақстандағы шағын және орта бизнеске ықпалы жөніндегі алғашқы зерттеу 

Бейне контент саласындағы жетекші платформа TikTok және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына платформаның ықпалын талдауға арналған алғашқы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеуге сәйкес, TikTok платформасын аптасына бір реттен жиі пайдаланатын кәсіпкерлердің әр алтыншысы өз кірісінің жартысынан астамы осы платформаның белсенді қолданылуының арқасында қалыптасатынын айтқан. Сондай-ақ TikTok-ты одан да белсендірек пайдалану платформа арқылы елеулі табыс табатын компаниялар санын екі есеге арттыра алады.

TikTok бүгінде әлем бойынша миллиардтан астам адамды біріктіріп, тауарлар мен қызметтерді ілгерілету үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Платформадағы креативті контентті пайдаланушылармен қатар ірі брендтерден бастап жеке кәсіпкерлерге дейінгі бизнес өкілдері де белсенді түрде жасап отыр. TikTok Қазақстандағы кәсіпкерлік бастамаларды жүйелі түрде дамытып, компанияларды белсенді қолдап келеді.

  • 2021 жылы Қазақстанда кез келген ауқымдағы бизнеске арналған шешімдерді ұсынатын TikTok for Business платформасы іске қосылды.
  • 2022 жылы Astana Hub технопаркімен бірлесе отырып, TikTok Startup Academy бағдарламасы басталды. 2025 жылға дейін бұл бағдарлама өз шешімдері мен өнімдерін, қызметтерін платформаның көмегімен ілгерілетуді үйренген үш стартап легін шығарды.
  • 2024 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП-мен бірлесе отырып, әлеуметтік сектордағы 800-ден астам компания қатысқан #ҚазақстандаЖасалған байқауы өткізілді.

Бүгінде компания Қазақстанда алғаш рет жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынып отыр. Зерттеу аясында TikTok платформасының ел экономикасына, соның ішінде шағын және орта бизнестің дамуына тигізетін әсері талданды. Зерттеу тәуелсіз сарапшылар тобының қатысуымен TikTok және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүргізілді. Нәтижелер көрсеткендей, TikTok Қазақстандағы микро-, шағын және орта бизнес үшін нақты әрі елеулі экономикалық құндылық қалыптастырып отыр.

Тәжірибелі компаниялар TikTok платформасын жиі пайдаланады

Зерттеу аясында еліміздің 20 өңірінен 308 кәсіпкер қатысқан сауалнама жүргізілді. Нәтижелер көрсеткендей, нарықта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компаниялар платформаны белсендірек қолданады – олардың 52%-дан астамы өз өнімдері мен қызметтерін ілгерілету, сондай-ақ аудиториясын кеңейту мақсатында TikTok-ты кем дегенде аптасына бір рет пайдаланады.

Белсенділік деңгейі бойынша екінші орында нарықта 5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан компаниялар тобы тұр: олардың 47%-ы контентті аптасына бір рет немесе жиі жариялап отырады. Бұл тек цифрлық дәуірде құрылған кәсіпкерлер ғана TikTok-та табысқа жете алады деген пікірді жоққа шығарады.

TikTok-тағы ең табысты индустриялар

Зерттеу платформаның түрлі саладағы компаниялар үшін әмбебап құралға айналғанын көрсетті.

  • Астана қаласында денсаулық сақтау, сұлулық және спорт қызметтері саласы көш бастап тұр – TikTok қолданатын әрбір төртінші компания (25%) дәл осы секторда жұмыс істейді.
  • Алматы қаласында жеке қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндердің үлесі одан да жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 32%-ы денсаулық, сұлулық және спорт индустриясына тиесілі. Одан кейінгі орында мәдениет, ойын-сауық және туризм саласының өкілдері (26%).
  • Шымкент қаласында негізгі белсенділік сауда саласында шоғырланған: сауалнамаға қатысқан компаниялардың 52%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарлардың өндірісі мен сатумен айналысады.

TikTok платформасын пайдалану арқылы ең жоғары коммерциялық нәтиже креативті және қызмет көрсетуге бағытталған салаларда жұмыс істейтін компанияларда байқалады. Оларға қонақүй және курорт бизнесі, ойын-сауық индустриясы, сондай-ақ сұлулық пен денсаулық саласындағы қызметтер жатады. Бұл TikTok форматының визуалды мазмұнға бай және пайдаланушы тәжірибесіне бағытталған салаларда ерекше тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді.

Бизнес платформаны қандай мақсаттарда пайдаланады

Зерттеу деректері бойынша, TikTok бизнес үшін қолданыстағы және әлеуетті клиенттермен, сондай-ақ серіктестермен өзара байланыс орнатудың маңызды құралына айналған. Респонденттердің 81%-ы платформаның жаңа клиенттер тартуға оң әсерін атап өтсе, 79%-ы бар клиенттерді сақтауға көмектесетінін көрсеткен. Сонымен қатар, 71% кәсіпкерлер TikTok олардың бизнесін бәсекелестер арасында ерекшелендіруге мүмкіндік береді деп санайды.

TikTok қолдану тұрақтылығының табысқа әсері

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бизнес тарапынан TikTok-тағы тұрақты белсенділік елеулі экономикалық нәтижелерге әкеледі:

  • TikTok платформасын аптасына бір реттен жиі пайдаланатын МШОБ субъектілерінің 12%-ы өздерінің жалпы табысының 50%-дан астамы тікелей осы платформадағы белсенділіктің арқасында қалыптасатынын атап өткен.
  • Жалпы алғанда, платформаны тұрақты түрде пайдаланатын компаниялардың 63,2%-ы өздерінің жылдық айналымының кем дегенде 5%-ы платформамен тікелей байланысты екенін көрсеткен.

TikTok- қа инвестициялаудың табысты арттыру әлеуеті

Зерттеу мәліметтері бойынша, респонденттердің 78,6%-ы платформамен тұрақты жұмыс істегенімен, олардың 16,9%-ы ғана жарнамалық қызметтерді сатып алады және 10,4%-ы инфлюенсерлермен ынтымақтасады. Органикалық пайдалану мен ақылы форматтар арасындағы бұл айырмашылық TikTok-та бизнес өсімінің жоғары әлеуетін айқын көрсетеді.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, TikTok платформасын аптасына бір реттен жиі пайдаланатын компаниялар арасында:

  • 56,0% компания өздерінің маркетингтік бюджетінің 1%-дан 30%-ға дейінгі бөлігін TikTok-қа инвестициялайды;
  • 14,4% компания платформаға өздерінің жарнамалық бюджетінің 30%-дан астамын бағыттайтынын мәлімдеген.

Маркетингтік бюджетінің кемінде 30%-ын TikTok-қа инвестициялайтын МШОБ өкілдері платформадан жоғары табысқа жиі қол жеткізеді: мұндай компаниялардың шамамен үштен бірі өз кірісінің 50%-дан астамы тікелей TikTok арқылы қалыптасатынын атап өткен. Ең жоғары көрсеткіштер бойынша табыс деңгейі он бес есеге дейін жеткен (яғни әр жұмсалған 1 теңгеге 15 теңге табыс).

«Қазақстан креативті экономиканың нақты өсім драйверіне айналып келе жатқанын айқын көрсетіп отыр. Мұндағы кәсіпкерлер тәжірибе жасаудан қорықпайды және TikTok арқылы идеяларын бизнеске жылдам айналдыра алатын кеңістік табуда. Біз визуалды контенттің, шынайы оқиғалардың және аудитория сенімінің сатылым мен адалдыққа айналатынын көріп отырмыз — дәл осы қасиет TikTok-ты бизнес үшін бірегей құрал етеді», – деп атап өтті TikTok компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия бойынша мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыс мәселелері жөніндегі директоры Сергей Соколов.

«Біздің шағын және орта бизнес – бұл еліміздегі 4,5 миллионға жуық азаматқа жұмыс беріп, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 40%-ын қалыптастырып отырған кәсіпкерлер қауымы. Олардың табысы – бүкіл экономика болашағы. Сондықтан да цифрлық құралдардың бизнес үшін нақты қолдау көзіне айналып келе жатқаны аса маңызды. Көп жағдайда цифрлық платформаларды тек жас стартаптар ортасы деп қабылдаймыз. Алайда жүргізілген сауалнама нәтижелері керісінше – цифрландыру баршаға ашық екенін көрсетті», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Төрағасы Райымбек Баталов.

TikTok-тағы қазақстандық кәсіпорындардың табыс көлемі

Ел экономикасына платформаның ықпалын бағалау мақсатында зерттеу аясында үш сценарий қарастырылды: TikTok-ты кәсіпкерлердің 10%-ы белсенді пайдаланған жағдайда, олардың үлесі 15%-ға жеткенде және 20%-ға дейін артқан кездегі сценарий.

  • Сауалнама нәтижелері бойынша МШОБ субъектілерінің шамамен 40%-ы платформаны тұрақты түрде қолданатынын атап өтті. Дегенмен, басқа елдерде (Ұлыбритания мен Австралияда) жүргізілген ұқсас зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, консервативті сценарий ретінде 10% деңгейі таңдалды. Осы сценарийге сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы МШОБ өкілдері TikTok арқылы талдауға енгізілген жеті секторда шамамен 219 миллиард теңге табыс тапқан.
  • Базалық сценарийге сәйкес (платформаны 15% кәсіпкерлер пайдаланады), TikTok-пен тікелей байланысты табыс көлемі 329 млрд теңге деп бағаланды.
  • Оптимистік сценарийде бұл көрсеткіш екі есе артып, 438 миллиард теңгеге жетті. Бұл сома елдің бүкіл креативті экономикасының жарты жылдық жалпы қосылған құнына тең болып, TikTok платформасын Қазақстандағы экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Есептеулер көрсеткендей, егер МШОБ субъектілерінің кем дегенде 20%-ы TikTok-ты белсенді түрде қолданатын болса, алдағы 2–3 жылда платформа арқылы табысының елеулі бөлігін алатын компаниялар саны қарастырылған жеті сектор бойынша 8 мыңнан 16 мыңға дейін, яғни екі есеге артуы мүмкін.

TikTok-тың Қазақстанның ЖІӨ-сіне қосқан үлесі

Бизнес тарапынан TikTok пен оның жарнамалық құралдарын жиі пайдалану экономикалық қосылған құнның өсуіне ықпал етеді. Зерттеуге сәйкес, TikTok-тың Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі консервативті сценарий бойынша, тек МШОБ табыстары мен платформаның ең жоғары коммерциялық өзектілікке ие жеті секторы негізінде есептелген жағдайда, 0,16–0,32%-ды құрайды. Бұл бағалауға жұмыспен қамту немесе үй шаруашылықтарының тұтынуы сияқты ілеспе әсерлер енгізілмеген.

TikTok жарнамасын пайдалану кезінде жеткізу тізбегіндегі қосымша сатып алу белсенділігін ескере отырып, платформаның жиынтық экономикалық әсері келесідей бағаланады: консервативті сценарийде (МШОБ 10% қамту) — 759 млрд теңге (ЖІӨ-нің 0,57%-ы); жеделдетілген сценарийде (20%) — 1 трлн 517,9 млрд теңге (ЖІӨ-нің 1,13%-ы).

«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, TikTok – бұл тек шығармашылыққа арналған платформа ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері үшін нақты табыс көзі болып табылады. TikTok жарнамалық құралдарын белсендірек пайдалану алдағы уақытта МШОБ табысының айтарлықтай өсуіне ықпал ете алады. Кәсіпорындардың экономикалық әлеуетін тиімді іске асыру бизнес қауымдастығының, цифрлық платформалардың, салалық бірлестіктер мен мемлекеттік институттардың үйлестірілген іс-қимылы арқылы мүмкін болады. Өз кезегінде компания Қазақстандағы жергілікті бизнесті белсенді түрде қолдап, оның әрі қарай дамуына үлес қоса бермек», — деп атап өтті TikTok компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия бойынша мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыс мәселелері жөніндегі директоры Сергей Соколов.

«Әлемдік көшбасшылардың тәжірибесі көрсеткендей, TikTok бүгінде толыққанды коммерциялық экожүйелерді сәтті қалыптастырып келеді. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы тиіс — біз үшін осындай тәжірибелерді батыл түрде қабылдап, отандық нарық ерекшеліктеріне бейімделген электронды сауда модельдерін дамыту маңызды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл зерттеуді жаңа цифрлық экономиканы терең түсінуге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырады. Оның нәтижелері бизнеске өсуге, ал азаматтарға – болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдауға негіз боларына сенеміз», – деп қорытындылады «Атамекен» ҚР ҰКП Президиумының Төрағасы Райымбек Баталов.

Зерттеу нәтижелері TikTok платформасының елдің экономикалық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналғанын көрсетті. Ал алынған деректер кәсіпкерлерге арналған жаңа ұсынымдар, қолдау бағдарламалары мен талдамалық құралдарды әзірлеудің негізі бола алады.

Другие новости

Back to top button